Ресей әскері алға жылжи алмай жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресей әскері алға жылжи алмай жатыр

25.03.2022

Украина әскері Киев маңындағы шағын қалаларды қайтарып жатыр. Британ барлаушылары болса, Ресей армиясының бірнеше бағытта тұралағанын хабарлады. Тағы бір айта кететін жайт - Мәскеу мен Киев алғаш рет тұтқын алмасты. Дегенмен, қарулы жанжалдың әзірге аяқталатын түрі жоқ.

Украинада Ресей әскері бірнеше бағытта ілгері жылжи алмай, бір орында тұр. Мұны батыстық сарапшылар хабарлап отыр. Әрі ресейлік сарбаздардың жауынгерлік рухы түсіп, олардың Киевтің орталығынан шығысқа қарай 35 шақырымға ығыстырылған.

Сонымен қатар, Украина күштері Бердянск портында тұрған Ресейге тиесілі "Саратов" десанттық кемесін жойып, тағы екеуін зақымдағанын және оқ-дәрі қоймасына соққы бергенін хабарлады. Мәскеу әзірге бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме берген жоқ.

Осындай шақта Президент Владимир Зеленский бейнеүндеу жолдап, Ресейді миллиондаған адамды босытып жіберген бомбалауды тоқтатып, бейбітшілікке қол жеткізуге шақырды.

Владимир Зеленский, Украина Президенті:

Еркін елдің азат халқы. Түн болды, бірақ біз жұмыс істеп жатырмыз. Ел тыныштыққа ұмтылу керек, алға жылжуы керек. Қорғанысымыздың әрбір күні бізді бейбітшілікке жақындатып жатыр. Жеңіске таяп қалдық. Ал, Ресей бір нәрсені түсінуі керек – бізге бейбітшілік керек. Ресей де бейбітшілікке қол жеткізуі керек.

Ресей армиясы Донбасста басымдық байқатып отыр

Ал, Рейтер агенттігі Америка әкімшілігіне сілтеме жасап ресейлік «дәлдігі жоғары» қанатты зымырандардың 60 пайызының іске қосылмай қалғанын хабарлады. Дегенмен, Ресей қорғаныс министрлігі Донецк облысында бір түнде 4 шақырым алға жылжып, Батманка, Михайловка, Красный Партизан, Ставки және Троицкое елдімекендерін алғандарын мәлімдеген.

Кремль қанша жоққа шығаруға тырысқанымен, Батыс Мәскеудің Украинада химиялық қару қолдануы мүмкін екенін айтады.

Джо Байден, АҚШ Президенті:

Біз бұған да жауап береміз, егер ондай қару пайдаланса. Ол жауаптың сипаты қолдану сипатына байланысты болады.

Халық антидепрессанттарды жанталаса сатып алып жатыр

Украинадағы әскери жанжал Ресей халқының да көңіл-күйіне кері әсер етті. Бейсенбіде жарияланған мәліметтерге қарағанда, ресейліктер Украинадағы қақтығыс басталғалы, басқа өнімдермен бірге антидепрессанттарды, ұйықтататын дәрілерді де сатып алып жатыр.

Ресми сауалнамалар ресейліктердің көпшілігі Владимир Путиннің Украинаға ондаған мың әскер жіберу шешімін қолдайтынын көрсетті. Дегенмен, әлеуметтік желілер, сұхбаттар мен расталмаған деректер көптеген ресейліктердің қатаң санкциялардан қатты қинала бастағанын көрсетіп отыр.

Арыстанбек Рысбек

Хабарламаларға жазылу