Ресей армиясы алға жылжи алмай жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресей армиясы алға жылжи алмай жатыр

21.04.2022

Ресей армиясы Донбасстағы барлық майдан шептерінде Украинаның позицияларын артиллериямен атқылап, бомбалап жатыр. Алайда, Ресей күштері аспанда үстем түсіп жатқанымен, құрлықта әзірге алға жылжи қойған жоқ.

Мұны «ВВС» телерадиокорпорациясы хабарлады. Оның дерегінше, ресейліктер солтүстікте, шығыста және оңтүстікте үлкен шабуылдар жасап, украиналықтардың қорғанысын бұзып өтуге әрекет жасап жатыр. Бірақ, Украина әскері қарсыласына бірнеше рет тойтарыс берген.

Бірқатар бақылаушылардың пікірінше, Мәскеу бұл шайқаста тезірек жеңіске жетуді жоспарлады. Алайда, оның Украинада алдына қойған мақсаттарының біреуі де орындалған жоқ. Және де Ресей қарулы күштері тіпті Мариупольді ала алмай жатыр. Дегенмен, Кремль мұның бәрін жоққа шығарып, басты мақсатымыз – Донбассты азат ету ғана дейді.

Жаңа баллистикалық зымыран сыналды

Ресей президенті Владимир Путин болса, жаңа құрлықаралық баллистикалық зымыранның сынақтан сәтті өткенін жариялады. «Сармат» деп аталатын ядролық ракета 6 мың шақырым қашықтықтағы нысанға дәл тиген.

Путин оны әлемнің үздік қаруы деп атап, мұндай зымыранмен жауды тоқтатып, ойландыруға болатынын ескертті.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу