НАТО-ға мүше елдер қорғаныс саласын күшейтпек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

НАТО-ға мүше елдер қорғаныс саласын күшейтпек

24.03.2022

Жаһан елдерінің көшбасшылары бүгін Брюссельге ағылды. Бельгия астанасында НАТО ұйымының, Еуропалық Одақтың және G7 елдері көшбасшыларының саммиті өтуде. Басқосуға АҚШ Президенті Джо Байден де қатысып жатыр. Үш саммиттің де басты тақырыбы: Украинадағы соғыс.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

НАТО-ның кезектен тыс саммиті бір сағат бұрын аяқталды. Ұйымның бас хатшысы Йенс Столтенберг жаңа арнайы мәлімдеме жасады. Оның мәліметінше, ұйымға мүше 30 елдің басшылары қорғаныс саласына инвестицияны арттыруға уағдаласты. Шығыс флангты күшейту үшін Болгария, Венгрия, Румыния мен Словакияға қосымша 4 әскери топты аттандырмақ. НАТО Украинаны әскери қару-жарақпен қамтамасыз етуді жалғастыра бермек. Гуманитарлық көмектің де мөлшерін ұлғайтпақ.

ЕуроОдақтың саммиті енді басталады. Екі күнге созылатын басқосудың алғашқы күнінде Украинадағы дағдарыс, киберқауіпсіздік, соғыстан қираған мемлекетке қаржылай көмек көрсету мәселелері талқыланады. Сондай-ақ, Ресейге қарсы санкцияны күшейту, Ресейдің газы мен мұнайына тәуелділіктен арылу жайы да сөз болмақ. Еуропалық Одақ сұйытылған газды енді АҚШ-тан тасымалдауды көздеп отыр. Осыған орай бүгін Еуропалық комиссияның төрағасы Урсула Фон дер Ляйен АҚШ Президенті Джо Байденмен арнайы келіссөз жүргізбек.

Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу