Үш облыс құрылады: Абай, Ұлытау, Жетісу - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үш облыс құрылады: Абай, Ұлытау, Жетісу

20.03.2022

Бұрынғы Семей облысының Абай, бұрынғы Жезқазған облысының Ұлытау болып қайта ашылатыны және Алматы облысын Алматы және Жетісу облыстары қылып екіге бөлу; Қапшағайды Жетісудың облыс орталығына айналдырып, Қонаев деп өзгерту ұсынысы.

Әрине, ел қуанып жатыр. Жабылып қалған облыстардың тұрғындары тіпті. Әзір Жарлық шыққан жоқ. Әкімшілік аумағы бұрынғыдай бола ма, қосылған аудандар қайта ашыла ма? Ол сұрақтардың жауабы жоқ. Ашуға қанша қаржы керек, ол жайлы да бірнәрсе деу қиын. Амангелді Сейітхан жалғастырады:

Абай облысы құрылатынын естіген Семейліктер шерулетіп жатыр. Соңғы жылдары жағдайы күрт нашарлап кеткен өңір бұл шешімнен оң өзгеріс күтеді.

25 жыл бұрын Семейде 420 мың адам болса, қазір 330 мың қалған. Бүгінде қалаға қарасты 10 кент пен ауылдық округ бар. Оларды топтастыру үшін жаңа аудан құрылуы мүмкін. Ал, Өскемен мен Семейдің шекарасын бөлу әлі талқыланып жатыр.

Аман Рахметуллин, экономист, Семей қаласының тұрғыны:

Бұрынғы Семей облысына қараған аудандар қараса дұрыс деп есептейміз. Өйткені Семей облысына қараған аудандарды басқа облыстың территориясында қалып кететін болса ол жерде білім беру мекемелері, ол жердегі денсаулық сақтау саласына байланысты тағы да басқа жаңағы ішкі құрылымдар түсініксіз жағдайда қалады.

Шаһарда қазір 200 шағын кәсіпорын мен 13 ірі өндіріс ошағы жұмыс істеп тұр.

Аман Рахметуллин, экономист, Семей қаласының тұрғыны:

Цемент зауыты, силикат зауыты, үлкен ауылшаруашылық техникаларын құрастыру автобус құрастыру кәсіпорындары қазір жұмыс істеп тұр.

Қазынашылық басқармасының мәліметінше, қалаға биыл бекітілген бюджет 56 млрд теңге. Ол енді қайта қаралуы мүмкін. Ал, бұрынғы мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов шешілуі тиіс мәселелерді жіпке тізді.

Нұртай Сабильянов, қоғам қайраткері:

Депутат болған кезде сол облыстың 450 ауылын аралап көрдім. Әсіресе, Семейдің инфрақұрылымы нашарлаған. Тозып кеткен. Оның ішінде Семей қаласының ауыз суы, жылу, көшелерді жарықтандыру, сонымен қатар 1 жыл болды қоғамдық көлік дұрыс жүрмейді. Семей қаласында тағы да үлкен мәселе, тұрғындарды үймен қамту. Шығыс Қазақстан облысы бойынша 33 мың адам үй кезегінде тұр мысалы.

Демек осы түйткілдер шешілгенше, жалаулатуға ерте сияқты.

Семей құсап қараусыз қалған аймақтың бірі - Жезқазған. Ұлытау облысы болып қайта құрылатын өңірдің халқы да қуанышты.

Құлымбет Бірімжанов, экономист, Жезқазған қаласының тұрғыны:

Кезінде 120 мың болған қалада қазір 80 мың-ақ қана халық қалды. Біздің жастарымыз қайда баратынын білмейді. Кешегі 1997 жылы облыс Қарағандыға ауысқан кезде біздің көптеген жаңағы ресурстарымыз Қарағандыға ауысты. Енді Жезқазғанның тікелей дамуына жол ашылады деген сөз. «Қазақмыстың» табысының бір бөлігі Жезқазғанның бюджетіне қалады деген сөз.

Ендігі мәселе сол ақшаны тиімді пайдаланып, Жезқазғанды жаңарту. Мәселен, қаладағы жылу мен су құбырларының 70 пайызы тозған.

Қайрат Әбсаттаров, Жезқазған қаласының әкімі:

Облыстағы ең апатты үйлері көп қала осы Жезқазған қаласы. Орнына жаңа үйлер салудың бірден бір механизмі ол - реновация.

Қазір аудандарды бөлу мәселесі қаралып жатыр. Өйткені Қарағанды елдегі ең үлкен облыс. Аймақта бары 9 аудан болса да, ауылдар шашыраңқы орналасқан.

Сұлтанғазы Жанділдинов, Сарысу ауылының тұрғыны:

Қарағанды бізге 600 шақырым жер еді. Барып келуіміз, шаруашылыққа өте қиын болатын. Жезқазған үйдің қасы.

Мысты аймақта халықтың көбі металлургиялық комбинат пен шахтада жұмыс істейді. Жезқазғанда 6 мыңнан астам шағын және орта бизнес субьектісі бар. Өңірді тағы қалай дамытуға болады?

Аманжол Әлтаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Жезқазған өңірінде туризмнің өзін дамытуға мүмкіндік бар. Өйткені, «Алтын Орданың» үлкен бір дәуірі Ұлытаумен байланысты. Онда Жошы хан жатыр. Сосын енді тек қана «Қазақмыстың» аясындағы мыс өндіру, кен өндіру ғана емес, сосын Жезқазған аймағы қазақ даласындағы мал шаруашылығын өркендетуге ыңғайлы аймақ.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Ұлытау өңірі арқылы ғылымның өндірістің интеграциялы дамуының үлкен бір комплексті кешенді даму жоспарын ұсынбақшымыз. Не себепті? Егер біз Американы қарасақ, кремний алаңы, ол да сол секілді кремний шыққан ауданда ашылған.

Мұндай жоспарлар қуантады. Бірақ, алдымен өмір сүруге қажетті қарапайым игіліктер болса дейсің. Мәселен, жол...

Аманжол Әлтаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Мысалы үшін Астанадан Жезқазғанға баратын болсаңыз ол жол сапасы сын көтермейді. Алдағы уақытта Астанадан Жезқазған бағытына, Жезқазғаннан Қызылорда бағытындағы, сол секілді Жезқазғаннан Арқалық бағытындағы жолдарға жөндеу жүргізілу керек деп ойлаймын.

Яғни, тоғыз жолдың торабында тұрған Жезқазғанның әлеуеті бар.

Ал, халқы күн санап көбейіп жатқан Алматы облысын екіге бөлудің мәні қандай?

Мәди Ахметов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Облысты екіге бөлу арқылы 2 млннан астам халқы бар Алматы облысының жаңағы мәселелерін шешу менің ойымша тиімді. Алматы мен Алматы облысының екі ортасында орналасқан елдімекендер көп шоғырланған. Мысалы, жер телімдері сатылды кезінде, жасырын емес. Бірақ, сол ауылдарда жол жоқ, свет жоқ, су жоқ, мектеп қай жерде орналасатыны белгісіз, ауруханалар қарастырылмаған. Өйткені жоспарсыз жер телімдері сатылған.

Яғни, алыс жатқан аудандарды басқару қиындап кетті. Сондықтан жағдайлары да нашарлаған.

Ермек Келемсейіт, Талдықорған қаласының тұрғыны:

Сондай сансырап кеткен болатын. Қытаймен екі ортадағы шекараны да даже күзетудің мүмкіншілігі жоқ. Ана шекарашылардың да саны қысқарып, вахтовый методпен Шонжыдан барып келіп жүрген кездерін көрдік. Егер мынау жаңағы бұрынғы Талдықорған бұрынғы жабылып қалған базасында Жетісу қайта құрылатын болса меніңше осы бұрынғы Қапал, Бөртек, анау Күйгентас аудандары қайтадан ашылатын болса қанша жұмыс орындары болады.

Десе де, бұл өзгеріс Жетісу облысына ауыр тиетіндей. Себебі, облыстық бюджеттің 60 пайыздан астамын Алматыға жақын аудандар беретін. Енді олар Алматы облысында қалса, Талдықорған республикалық бюджетке қол жайып қалуы мүмкін. Бірақ, Талдықорған қалыптасып үлгерді. Қазір Қапшағайды жаңартуға күш керек, - дейді өңір халқы.

Алматыдан 60 шақырым қашық жатқан Қапшағайда 60 мың адам тұрады. Халықтың дені балықпен айналысады. Қаланың туристік әлеуеті де зор. Бірақ, негізгі табыс көзі - казино еді. Оның ертеңі қалай болмақ?

Нұрлан Құматаев, Қапшағай қаласының әкімі:

Жалпы осында болғаны дұрыс қой енді. Өйткені, ол жерде 3 мың жұмыс орны бар. Қапшағай қаласының жастары сол жерде жұмыс істеуде.

Бірақ заң бойынша казинолардың облыс орталығы емес, арнайы аймақта ғана орналасатынын ескерсек, оларды жабу немесе басқа жаққа ауыстыру мәселесі көтеріліп жатыр. Сонымен бірге Қапшағайдың атауын Қонаев деп ауыстыру ұсынысын көп адам қолдаған. Дегенмен елді-мекендерді адам атымен атаудың қажеті жоқ, жалпы, Қапшағай атауы да тым жақсы деп жатқандар да бар.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Осылайша, ел картасындағы өңірлер саны 20 болды. Бұл - республика тарихындағы рекорд. Бірақ, әзірге жаңа облыстардың әкімшілік аумағы қалай болатыны айтылған жоқ. Оған қатысты Президент жарлығы мен Үкімет қаулысы маусым айында шығады. Жаңа аймақтарды дамытуға қанша қаржы бөлінетіні де белгісіз. Осы тұста айта кетейік, 3 жыл бұрын ашылған Түркістан облысын 2025 жылға дейін дамытуға республикалық бюджеттен 530 млрд теңге бөлінетіні хабарланған.

Аманкелді Сейтхан


Хабарламаларға жазылу