Қаңтар оқиғасы: Алматыда ұрланған тауарлар тәркіленді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаңтар оқиғасы: Алматыда ұрланған тауарлар тәркіленді

18.03.2022

Алматыда ұсталған 3 адамнан «Қаңтар оқиғасы» кезінде тоналған тауарлардың 200-ден астам түрі тәркіленді. Заттар Алматы әуежайының ғимаратында орналасқан дүкеннен ұрланған. Күдіктілердің тұрғылықты жерін тексеру кезінде заттай дәлелдемелер - элиталық алкоголь, сондай-ақ 130 атаудан тұратын парфюмерлік және косметикалық бұйым тәркіленді. Сондай-ақ кофеханадан, кәдесый дүкенінен және дәріханадан ұрланған 94 тауар тағы бар. Абоненттік байланыстар туралы деректерді талдау, сондай-ақ бейнебақылау камераларының жазбаларын қарау кезінде апалы-сіңлілі екі әйел мен біреуінің күйеуі ұсталған. Олардың барлығы - Алматы облысының тұрғындары. Қазір ұрлық бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, 40 жастағы ер адамға қатысты «қамауға алу» түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. Ал 34 және 26 жастағы келіншектердің жас балаларының болуына байланысты «ешқайда кетпеу және өзін дұрыс ұстау туралы қолхат» түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу