Жас ғалымдар көрмесінде елордалық оқушылар 50-ден астам ғылыми жоба ұсынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жас ғалымдар көрмесінде елордалық оқушылар 50-ден астам ғылыми жоба ұсынды

17.03.2022

Елордада жас ғалымдардың көрмесі басталды. Шараның мақсаты - зияткерлік ойындар мен түрлі ғылыми жаңалықтар, тәжірибелік жұмыстар арқылы балалардың білімге деген қызығушылығын арттыру. Қаладағы бірнеше мектеп-лицей оқушылары жалпы саны 50-ден астам жобаны ұсынды. Олар екі күн қатарынан елорданың басқа мектептері үшін түрлі ғылыми тәжірибелер көрсетіп, танымдық ойындар өткізеді. Тәжірибе алмасады. Жобалардың бір бөлігі салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған. Ауқымды шара оқушыларға алған білімін іс жүзінде қолдануды үйретіп, креативті ойлап, ғылыми-шығармашылық қабілетін жетілдіруге мол мүмкіндік береді.

Ернар Талғат, 5-сынып оқушысы:
Балаларды қазақтың ұлттық аспабына қызықтыру үшін домбыра шертетін робот жасайын деп ойладым. Алдымен, легодан конструкция жасап, қозғалтқыштарын қостық және компьютерден кодтар жаздық. Сосын оның қондырғысына енгізіп, ол қозғалтқыштарға команда беріп, сол арқылы домбыраны шертеді.
Мухаммедали Ибрагимов, «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қоры төрағасының бірінші орынбасары:
Оқушылар өз тәжірбиелерін басқа оқушымен бөлісуде. Қазіргі таңда бұл әдіс «peer education» деп аталады. Өздерінің жастарындағы балалардың бір-біріне түсіндірген жобалары өтімді. Баланың білімге деген қызығушылығы артады және өзіне деген сенімділік пайда болады.

Хабарламаларға жазылу