Киевте тұрғын үйлер әуе соққысына ұшырап, 2 адам қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Киевте тұрғын үйлер әуе соққысына ұшырап, 2 адам қаза тапты

15.03.2022

Ресей әуе күштері Киевтің аудандарын бомбалап, бірнеше үй мен метро станциясы қирады. Екі адам қаза тауып, 35-і құтқарылған. Қауіп-қатерге қарамастан, Украина тәуелсіздігіне ЕуроОдақтың атынан символикалық қолдау білдіру үшін Киевке Польша, Словения, Чехия премьер-министрлері барады. Ал, Ресей қарулы күштері соққы беріп жатқан Мариупольде қаза тапқан бейбіт тұрғындар саны 2400-ден асты. Көрші мемлекеттерге бас сауғалаған босқындар қатары 2 миллион 700 мыңға таяп қалды. Ресей «арнайы әскери операция» деп атаған қарулы жанжал үш аптаға жуық уақыт бұрын басталды. Содан бері Мәскеу бомбалау науқанын күшейткенімен, 10 ірі қаланың бірде-бірін ала алмады. Дегенмен, бірер сағат бұрын Ресей қорғаныс министрлігі мәлімдеме таратып, Херсон облысын түгелдей бақылауға алғанын хабарлады.

Украина бас штабының бүгінгі дерегінше, Ресей армиясының 13 жарым мыңдай қызметкері қаза тапқан және жараланған. Мәскеу болса, құрбандар туралы екі аптадай бұрын бір мәрте ғана ақпарат таратып, 500-ге жуық адам жоғалтқанын хабарлаған.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу