«Қаңтар оқиғасы» кезінде бірі арқа сүйер азаматынан айырылса, енді бірі бауыр еті баласын жоқтауда. Алматыда жазықсыз оққа ұшқан 31 жастағы Бекболат Асхатбектің ағасы да әлі күнге дейін өз-өзіне келе алмай жүр. Айтуынша, баласының қайғысы анасына ауыр тиіп, сырқатқа шалдыққан. Қара жамылған отбасы кінәлілер анықталып, жазалануын талап етіп отыр.
Нұрболат - Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан Бекболат Асхатбектің туған ағасы. Айтуынша, інісі 6 қаңтар күні болашақ қалыңдығын аға-жеңгесімен таныстыруға ертіп келген. Сол күні бәрі арқа-жарқа әңгімелесіп, дастархандас болған. 7 қаңтар күні түске таяу досының көлігімен сүйіктісін ауылына шығарып салған. Қайтар жолда белгісіз біреулер оқ атқан.
Нұрболат Асхатбекұлы, Бекболат Асхатбектің ағасы:
Алдындағы көліктегі адамдар да түсіп қашып жатқан. Тимирязевтің үстіңгі жағына көтерілген кезде інім айтқан «досым, маған оқ тиіп кетті» деп. Оқ сегізкөзден тиіпті. Арқадан тиіп, кіндіктің оң жағынан тесіп өтіп кетіпті. Ішектердің бәрін бүлдіріп кеткен дейді.
Жолай кезіккен көлік тоқтап, Бекболатты ауруханаға жеткізген. Басында жақындарына жағдайы тұрақты деп айтылғанымен, екі күннен соң 9 қаңтар күні жайсыз хабар келген.
Нұрболат Асхатбекұлы, Бекболат Асхатбектің ағасы:
Үйленемін деп сап-сау жүрген азамат. Қарашаңырақта әке-шешеме қарап отырған інім болатын. Жазықсыз кетті. Не айтарымды да білмеймін, шынымен. Өте ауыр жағдай болды. Атқан кім? Кінәлілерді тауып жазасын берсін. Інімнің өлімінің ақ-қарасының ашылуын тілеймін.
Бекболат Алматыдағы дәмханалардың бірінде кәсіби аспаз болған. Әріптесі Бақытбектің айтуынша, ол жақынына жанашыр, жайдарлы жан еді.
Бақытбек Тілеубек, Бекболат Асхатбектің әріптесі:
Өнерімді ары қарай ұштастырсам, күзде үйленсем, өз алдыма бір жеке кафе ашсам деген арман-мақсаттары болатын. Үйіне, туыстарына көп қарасатын. Әке-шешесіне сыйлық алып беріп, мінезі жайсаң өте керемет, жақсы жігіт болатын.
Қазір Бекболат Асхатбекұлының қазасына байланысты Қылмыстық кодекстің 99-бабының екінші тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Атпалдай азаматтың жақындары сот шешімінің шығуын тағатсыздана күтіп жүр.
Қуан Нұрақын