Ақтөбе облысының тұрғындары апатты мектепте оқып жатқан балаларын мектепке жіберуден бас тартуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысының тұрғындары апатты мектепте оқып жатқан балаларын мектепке жіберуден бас тартуда

19.04.2022

Апатты мектепте оқып жатқан Ақтөбе облысындағы Темір көпір ауылының тұрғындары балаларын мектепке жіберуден бас тартуда. Себебі, көмірмен жылытылатын ғимарат тағы өртеніп кете жаздаған.

Естеріңізде болса, бір ай бұрын құлағалы тұрған мектептің жағдайын эфирден көрсеткен едік. Саманнан салынған білім ошағында алпыс үйлі ауылдың 26 баласы оқиды. Басқалары өзге елдімекендерге қатынауға мәжбүр. Жаңа ғимарат салып береміз деген жергілікті билік уәдесін орындамады, дейді бүгін облыс орталығына әдейі келген ауыл тұрғындары.

Мейрамгүл Есімова, ауыл тұрғыны:

Бір ай бұрын мектептен өрт шыққан. Кешегіде тағы от шығып тұр. Ешқандай жауап, нәтиже жоқ. 2021 жылы бастағанда биыл берілетін еді. Қайда? Міне,2022! Берілген мектеп жоқ!

Тұрғындармен облыс әкімінің орынбасары кездесті. Оның айтуынша, жаңа мектептің жобалық-сметалық құжаттары қайта рәсімделіп жатыр. Себебі, бұрынғысының мерзімі өткен, әрі қосымша қаржы қарастыруды талап етеді. Ал, жаңа ғимарат салынғанша балаларды уақытша орналастыру үшін 3 миллион теңгеге тұрғын үй сатып алынған. Бірақ, ол да апатты жағдайда көрінеді. Жауаптылар болса, басқа ыңғайлы нысан жоғын алға тартады.

Бұлбұл Елеусінова, облыс әкімінің орынбасары:

3 ай көлемінде жобалық-сметалық құжаттары толығымен мемлекеттік сараптамадан өтеді.Содан кейін жедел түрде құрылыс басталады. Ол 60 орындық шағын мектеп. Ол мектепті 6 ай ішінде салып болуға болады. Бірақ, бірінші қыркүйекке дейін толық салып болу мүмкін емес.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу