Бүгін Астана қаласының әкімдігінде қаланың 16 жылдығын мерекелеу аясында үздік инвесторларды, кәсіпкерлерді және меценаттарды марапаттау салтанаты өтті, деп хабарлайды аstana.kz
Жыл сайынғы «Астаналық үздік кәсіпкер», «Астаналық үздік инвестор», «Астаналық үздік меценат» ұлттық сыйлығы биыл алғаш рет тағайындалып отыр. Сыйлық экономикалық қызмет түрлері бойынша кәсіпкерліктің даму деңгейін бағалауға, кәсіпкерлік бағытта үлкен табыстарға жеткен кәсіпорынды анықтауға, сонымен қатар астананың үздік кәсіпкерлерінің тәжірибесін жүйелендіру мен оны таратуға бағытталған.
Байқау 2014 жылы 5 маусым мен 5 шілде аралығында өтті және 2 кезеңнен тұрды. Яғни, 2014 жылдың 5 маусымы мен 25 маусым аралығында байқау өтінімдері қабылданған іріктеу кезеңі өтті. Ал қорытынды кезеңде нәтижелер шығарылып, жеңімпаздар марапатталды.
Байқау «Астаналық үздік кәсіпкер», «Астаналық үздік инвестор», «Астаналық үздік меценат» аталымдары бойынша өткізілді.
Қатысушылар келесі көрсеткіштерге сай бағаланды: Ауданның әлеуметтік-экономикалық міндеттерін шешудегі қатысушының белсенділігі (аудандық шараларға, жәрмеңкелерге, көрмелерге қатысуы); Әлеуметтік жауапкершілігі (сақталынған және жаңадан ашылған жұмыс орындары, еңбекақы төлеу жөнінде қарыздың болмауы, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері қызметкерлерінің орташа еңбекақы деңгейінің өсу/төмендеу дәрежесі және т.б.), сондай-ақ, тұсаукесер материалын дайындау деңгейі, байқауға ұсынылған материалдардың өзектілігі, дайындау сапасы.
«Үздік кәсіпкер» аталымы бойынша Әлжанқұлов Нұрлан Лесбекұлы («ALIT» ЖШС бас директоры), «Үздік меценат» Рақымбаев Айдын Жұмаділұлы, «Үздік инвестор» сыйлығы бойынша Садық Болат Кеңесбекұлы («Жаннұр-Астана» ЖШС компания тобының президенті) жеңімпаз атанды.