Максим Буйницкий, Қазақстан азаматы: Балаларымды қауіпсіз жерге жеткізгенше асықтым - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Максим Буйницкий, Қазақстан азаматы: Балаларымды қауіпсіз жерге жеткізгенше асықтым

05.03.2022

Бар үмітіміз елге оралу. Жақындарымыз сағат сайын амандығымызды біліп, келгенінімізді күтті, - дейді Украинадан оралған отандастарымыз. Ол жақтағы қақтығыстарды өз көзімен көрген жерлестеріміз мұндай шиеленіс тезірек шешімін тауып, ешқашан қайталанбасын деп тілейді. Айта кетейік, жерлестерімізді эвакуациялау жұмыстары жалғасып жатыр.

Максим Буйницкий бомба жарылысын өз көзімен көрген. Бірақ, сабыр сақтауға тырысыпты. Жанында екі кішкентай баласы мен әйелі бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын ол Украинаға техникалық оқуға түскен. Отбасын да сол елде құрды. Бейбіт күннің бір-ақ мезетте астаң-кестеңі шығатынына соңына дейін сенбедім дейді.

Максим Буйницкий, Қазақстан азаматы:

Елден кетуге өткен айдың 26-сында бірақ шешім қабылдадық. Сөйтіп елшілік ұйымдастырған автобуспен Львов қаласына бардық. Львов тыныш болды. Біз елшіліктегі Бекзат деген жігітпен үнемі байланыста болдық. Қазақстанға жеткенше құжаттарымызды реттеп, хәлімізді сұрап отырды. Өздері эвакуация жұмыстарын толық аяқтамайынша кетпейтінін айтты.

Украинадан Польша арқылы келген қазақстандықтардың бірі Кәрім Ажикулов. 2014 жылы жұмыс бабымен украин еліне көшкен ол қақтығыс басталған күні Львов қаласында болған екен. Киевте қалған отбасын алып кету үшін 600 шақырымды артқа тастап, дереу шекараны асып өтуге асықты. Жол бойы ұзын-сонар кезек, елден кетіп жатқандар көп дейді.

Кәрім Ажикулов, Қазақстан азаматы:

Шекараға жеттік-ау дегенде 15 шақырымдық кептелісті көрдік. Көлігімді досыма қалдырып, жаяу жүріп өтуге шешім қабылдадық. 7 сағатта әрең дегенде Польшаға өттік.

Шекрадан өткен соң бар үрей басылды, - дейді. Елшіліктің эвакуациялық шараларын жоғары деңгейде ұйымдастырғанына дән риза.

Кәрім Ажикулов, Қазақстан азаматы:

Елге қайту – ең дұрыс шешім болды. Балаларым үшін алаңдадым. Ата-анам да уайымдап, біздің келгенімізді күтті. Қазір өзім де, отбасым да қауіпсіз жердеміз, өз еліміздеміз. Қалып қойғанымызда жағдай басқаша болар ме еді?!

Максим Буйницкий, Қазақстан азаматы:

Балаларымды тезірек қауіпсіз жерге жеткізгенше асықтым. Осындай кезде өзіңді емес, кейінгі ұрпақтың өмірі бейбіт болсын деп тілейді екенсің. Бар әлемде тыныштық орнасын!

Украинадағы ахуалды көзімен көрген жерлестеріміз бастысы жақындарымыз аман. Ел іргесі берік. Сондықтан, бейбіт күнді бағалайық, - дейді.

Алла Гаврина


Хабарламаларға жазылу