Ұлттық музей халыққа есігін айқара ашты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық музей халыққа есігін айқара ашты

04.07.2014
Ұлттық музей халыққа есігін айқара ашты

Таяуда ғана ашылған Ұлттық музей –  әйгілі Эрмитаж, Лувр және Метрополитен бастаған әлемнің үздік он музейінің қатарында. Оның үстіне Орталық Азияда мұндай мұражай әзірге жалғыз.

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай айтты. Жаңа ғимарат соңғы үлгідегі техникалармен жабдықталған.

Тіпті, музейдегі  сегіз залға бір жерде тұрып-ақ, яғни, электронды саяхат жасауға болады. Келушілерге иілгіш экран, медиа-еден, сенсорлы дүңгіршектер мен мультимедиялық жолсерік қызмет көрсетеді.

Музейдің жалпы аумағы 74 мың шаршы метр. Оның 14 мыңы экспонаттарға арналған. Қазірдің өзінде Алтын адам, Тақсай ханшайымы, Сайрамнан табылған алтын бұйымдар мен күміс шақалар мұражайға қойылды.

Дархан Мыңбай, ҚР Ұлттық музейінің директоры:

Көптеген елдерде мәдени ескерткіштер қирап, музейлері жабылып жатқан кезде, қаржылық дағдарысқа тап болып, қиындықтар кешіп жатқан кезде, біздің Қазақстанда музейдің, жай ғана музей емес, Ұлттық музейдің дүниеге келуі – бұл біздің еліміздегі үлкен экономикалық көрсеткіштің, тұрақтылықтың және өткенімізді құрметтеп, бүгініміздің бағалай алатындығымыздың дәлелі.

Досымжан ЕРМҰРАТ

 

                                                         

Хабарламаларға жазылу