Украинадан елге оралған павлодарлық: 7 күн ішінде күйінетін де, сүйінетін де сәттер көп болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украинадан елге оралған павлодарлық: 7 күн ішінде күйінетін де, сүйінетін де сәттер көп болды

04.03.2022

Елшілік қызметкерлерімен үздіксіз байланыста болдық. Әйтпегенде елге оралуымыз қиын болатын еді, - дейді ақсулық Дархан Қожанов. Украинаның Умань қаласына зоотехникалық сала бойынша тәжірибе алмасуға барған азамат бүгін отбасымен қауышты.

Дархан Украинада жүрген қазақстандықтардың кешегі легімен Алматыға ұшып келіп, бүгін Ақсудағы үйіне жетті. Украинада болған 7 күн ішінде күйінетін де, сүйінетін де сәттер көп болды. Тұтас бір елдің отқа оранып жатқаны жанға батты. Соған қарамастан жергілікті тұрғындардың біз сияқты аш-жалаңаш жолаушыларға ас-суын ұсынғанына еріксіз сүйсіндік, - дейді ол.

Дархан Қожанов, Ақсу қаласының тұрғыны:

Көңіл-күйім жақсы. Үйге оралдым. Еліме келдім. Бала-шағамды көрдім. Әке-шешем қасымда. Шекарадан өту қиын болды. Умань қаласынан Львов қаласына 550 шақырым негізі. Біз 19 сағат жүрдік. Львовқа бара жатқанда көпірді жарды.

Бұл әскери қақтығыс басталғандағы 2-ші күн болатын. Содан Польша шекарасына жеткенге дейін көз шырымын алуға шама болмады. Айнала атыс, жарылыстан құлақ тұнды, - дейді ақсулық азамат.

Дархан Қожанов, Ақсу қаласының тұрғыны:

Уманның қасында 10 шақырым жерде әскери қоймалар бар. Түнде соны жарды. Соны көрдік, естідік. Жарықшақ тиіп, ұшып келді үйдің ішіне. Бәрі қорқынышты болды. Түнде бомбадан қорғануға арналған жертөледе жаттық. 25-і бізді эвакуация жасады.

Дарханның айтуынша Львовтағы Қазақстан елшілігі белсенді жұмыс істеп жатыр. Басқа мемлекеттерге қарағанда Қазақ үкіметі өз азаматтарын жылдам эвакуациялаған.

Әсет Қожанов, Ақсу қаласының тұрғыны:

Аман-есен келгеніне қуандық. 1 ұлым,3 немерем бар. Әжесі бар, шешем бар. 80-нен асып кеткен. Ол кісілердің бәрі ішінде ғой, ол кісілер де қорқып отырды.

Өзге елдегі қырғынды сырттан көргеннің өзі сұмдық. Елдікке, бейбіт заманға ештеңе жетпейді деген Дархан ертеңнен бастап өз қызметіне кіріспек.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу