Ана – бірлік пен тыныштық шырақшысы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ана – бірлік пен тыныштық шырақшысы

04.03.2022

Әр науқас баланың сауығып кетуіне үлес қосып жатқан ұлымды мақтан етемін. Қатерлі дертке шалдыққан бүлдіршіндерге 100-ден аса операция жасаған белгілі дәрігер-трансплантолог Ерғали Сарсекбаевтың анасы осылай дейді. Біржан Шәріпова халыққа пайдасы тиер тұлға тәрбиелеудің ата-ана үшін маңызды міндет екенін айтып отыр.

Жолдасымен бірге ғылым қуып, математика саласында еңбек атқарған Біржан Дабайқызы ұлын да ізімізді қуады деп ойлаған. Дегенмен, жастайынан алғыр, білімді Ерғали адам жанына арашашы болар дәрігер мамандығын таңдайды. Отандық медицинада 10 жылға жуық қалтқысыз қызмет атқарып келеді. Қатерлі дертке шалдыққан науқас балаларға 100-ден аса сәтті операция жасаған.

Біржан Шәріпова, дәрігер Ерғали Сәрсекбаевтың анасы:

Өзінің жан-тәнімен балаларды емдеп, жандары ашып, күндіз-түні жағдайын жасап, бала ауырып қалса, оған кез-келген уақытта хабарласса, соған барып, емдеп, осы жұмысты жақсы атқарып жүр деп ойлаймын.

Біржан Дабайқызы бауыр еті баласын кішкентайынан еңбекқор, әр ісіне жауапкершілікпен қарауды үйретіпті. Мектепті де, жоғарғы оқу орнын да үздік аяқтаған Ерғали қазір Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында еңбек етеді. Ұлының әр жетістігін жоғары бағалайтын ардақты ана елде тарту тірліктің болғанын қалайды.

Біржан Шәріпова, дәрігер Ерғали Сәрсекбаевтың анасы:

Қазіргі заманда біздің әйелдеріміз отбасындағы бірлікті, отбасын ойлайтын тұлға емес, әйелдеріміз мемлекеттің өзінің үлесін қосып жүрген тұлға деп ойлаймын. Қазақстанымызда бейбітшілік, тыныштық болсын!

Біржан Дабайқызы білімді, саналы ұрпақ тәрбиелеу үшін әйелдерге зор құрметпен қарауды қанға сіңіру қажет дейді. Айтуынша, аналарға айрықша ізет көрсету арқылы мықты маман - білікті тұлғалар өсіп шығады.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу