Еліміздегі өзендерге жақын 285 елді-мекенге судан қауіп төніп тұр. Бұл Қарағанды, Қостанай, Ақмола, Шығыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстанға қарасты аймақтар. Тәуекелі жоғары өңірлерде апаттың алдын-алу жұмыстары басталып кетті.
Еркін Съезұлы, тілші:Қамалдай қаланған қар көктемнің құшағына енгенде бірден ериді. Жерде қызыл су – елде қара тер. Ерте көктемде ел қарманып қалмас үшін бүгінге дейін арналарды тереңдетіп, жағаларды нығайтуға 2 млрд теңге жұмсалған. Ал, 68 гидротехникалық нысанды жамап жасқауға қазынадан 160 млрд теңге қаражат қаралған.
Көп өңірде қасат қардың көбесі сөгілген жоқ. Сондықтан, арқаны кеңге салуға әлі ерте. Оған қоса маусымдық тоң қалың. Былтырғыдан 70 см артық. Бүгінге дейін республика бойынша 5 миллион текше метрден астам қар шығарылып, 200 мың тоннадан астам инертті материал әзірленді. Тұрғындармен 8 мың жиын өткізіліп, 40 мыңнан астам нұсқаулық таратылды.
Эльдор Райымбеков, Нұр-Сұлтан қалалық ТЖД басқарма басшысы:
Елордада 25 су басу қаупі орындар бар. Сол себептен жаттығуды біз 25 су басу орындарында жүргізіп жатырмыз. Елордада 663 адам дайын. 400-ге жуық техника, 1 тікұшағымыз бар. Сондықтан осындай жағдай болып қалған кезде, біздің жұмылдыратын қызметтің бәрі құтқару қызметтерін жүргізуге дайын.
Бүгін ертең тасқынның алдын алу мақсатында "Көктем-2022" республикалық оқу-жаттығуы өтеді. Биыл орталық штаб Оралда орналасқан. Командалық штабтық жиынға азаматтық қорғау қызметтерінің барлық күш-құралы қатысып, дайындығы тексерілді. Жалпы, ел бойынша күштік құрылымдардың 10 мыңға жуық жеке құрамы мен 1700 техника жұмылдырылды. Бұдан бөлек, жергілікті әкімдіктердің жауапты мекемелерінің 52 мың адам мен 14 мың техника да сақадай сай.
Талғат Уәли, ҚР ТЖМ ресми өкілі:
Өздеріңіз көріп тұрғандай арықтарды тазалау, қарды шығару, кейбір таулы аймақтарды қар түсіру, жарылыс жұмыстарын жүргізу сияқты профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Атқарылған шаралардың арқасында көктемгі су тасқыны қаупін едәуір сейілтуге мүмкіндік болып тұр.
Елордадағы оқу-жаттығу кезінде құтқару қызметі зардап шеккендерді қауіпсіз аумаққа шығарып, медициналық қызметке табыстады. Дәрігерлер алғашқы медициналық көмек көрсетіп, сонан соң жедел ауруханаға жеткізді. Одан бөлек, зардап шеккендерді жылыту пунктеріне апарып, психологиялық көмек көрсетті.
Динара Жақыпбекова, психолог:
Психологиялық көмекті бірінші кезекте балалар мен әйел адамдарға көрсетеміз. Әсіресе, су тасқыны сынды апат кезінде балалар үрейге бой алдырады. Сол себепті де қол дорбамызда түрлі құралдар мен ойыншықтарды да ала жүреміз. Ересектерге массаж жасап, яки сөйлесу арқылы да көңілін аулап, қорқынышын сейілтуге тырысамыз.
Апат айтып келмегенімен, қайтып келеді! Төтеншеліктер де тілсіз жаудың тілін тапса, бұл көктемнен адам шығынысыз шығармыз деген үміт бар...
Еркін Съезұлы