Денсаулық сақтау министрлігі алқасының кеңейтілген отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Денсаулық сақтау министрлігі алқасының кеңейтілген отырысы өтті

28.02.2022

Елімізде сирек ауруға шалдыққан балалар үшін тегін берілетін дәрілер саны артады. Қосымша қаржы бөлініп, ауылдық жерлердегі жұрттың денсаулығына да көбірек көңіл бөлінгелі жатыр. Бұл туралы бүгін министрліктің кеңейтілген алқа отырысында ведомства басшысы айтты.

Денсаулық сақтау саласында қордаланған мәселе көп. Министірлік алқасының кеңейтілген отырысында ведомства басшысы оны шешу үшін жеті бағыт бойынша басымдық беріледі деді. Соның бірі ауылда медицинаны дамыту. Биыл онда 80 емдеу мекемесі пайдалануға беріледі. Дәрігерлер тартылып, халық жаппай профилактикалық тексеруден өткізілмек.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Егер ауру анықталса, ауданға барып емделеді.

Биыл балалар жылы. Сол үшін кішкентай ұл-қыздардың амандығына ерекше мән беріледі. Мәселен елде сирек ауруға шалдыққан бүлдіршіндер көп. Оларға биылдан бастап тағы 19 дәрі тегін. Осы бағытта қосымша 16 миллиард теңге бөлінді. Әрі аурудың салдарымен емес, себебімен де күрес күшеймек. Яки облыстық перинаталды мекемелер жанынан 'құрсақтағы нәрестені қорғау" орталықтары ашылады.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Яғни ол перинаталдық скрининг деп аталады. Бұл зерттеуде ана құрсағында жатқан балада ақаулар, көбіне анатомиялық ақаулардың уақытында дер кезінде анықтау керек. Егер ол өміріне сәйкес келмейтін болып, нәрестенің өліміне әкелетін болса, ананың құрсағында бұл ауруларды анықтап шешу керек.

Өйткені ана мен бала өлімі күрт өсіп отыр. Көрсеткіш Батыс Қазақстанда үш есе, Алтматы мен Атырауда екі есе артқан. Вице-премьер бұған жол бермеу керек деді.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

Өлімнің артуын дәрігерлер коронавируспен байланыстырып отыр. Солай да шығар. Бірақ өзге де факторлар бар. Сондықтан шұғыл түрде тексеру жүргізіп, себебін анықтауды тапсырамын. Наруыздың 10-ына дейін уақыт беремін.

Саладағы жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты да жою қажет. Былтыр 71 қылмыс тіркелген. Заңды да гиппократ антын да елемегендер бюджет ашқасын жымқырып, пара алумен және вакцина паспорты мен ПТР анықтамаларын сатқан дейді министр. Ал дәрі-дәрмек нарығын ретке келтіру үшін препараттарды таңбалау, бақылау жүйесі іске қосылады. Облыстарда көпбейінді ауруханалар салынып, тапшы мамандықтар бойынша гранттар өседі. Дәрігерлердің жалақысын көтеру жалғасады. Денсаулық сақтау саласындағы ауқымды жұмыстарға екі триллион теңгеден астам қаржы бөлініп отыр.


Хабарламаларға жазылу