Алматы мен Нұр-Сұлтанда украин халқына қолдау білдірген акциялар өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы мен Нұр-Сұлтанда украин халқына қолдау білдірген акциялар өтті

27.02.2022

Иә, кез келген істің жауабын беретін уақыт туады. Озбырлық пен басқыншылық жасағандар бейнелеп айтқанда тізерлейді. Қолымыз қалт еткенде бәріміз көрейік деп үндейтін «Абай»  арнасынан екі күн бұрын «Құм астында» деген фильм көрсетілді. Режиссері: Мартин Занд-влиет. Дания мен Гармания бірлесіп түсірген. Мазмұнын қайталап тұрмаймын. Идеясы - кез-келген зұлым күш жеңіледі. Бірақ зардабын бүкіл ұлт тартады. Ең жаманы – буыны қатпаған бала да. Кінәсі болмаса да ағалары мен апалары үшін жауап береді.

Бүкіл әлемде, тіпті Ресейдің өз ішіндегі сияқты бізде де соғысты тоқтатуды талап етіп, адамдар көшеге шықты. Алматы мен Нұр-Сұлтанда осы аптада Ресейдің Украинаға соғыс ашуын айыптап, украин халқына қолдау білдірген акциялар өтті. Тағы бір айтатын дүние – бір топ белсенді азамат Украинаға көмек ретінде дәрі-дәрмек жинай бастады. Және олар Үндеу қабылдады.  «Біз, біртұтас көпұлтты Қазақстан халқы, жуырда ғана қорқынышты қанды қаңтар оқиғасын бастан өткердік, енді қазір Кремльдің Украинаға қарсы әскери агрессиясына жүрегіміз қан жылап куә болып отырмыз. Біздің ойымызша, Украинаның тәуелсіздігі мен егемендігі – украин халқының қорғауға тиіс даусыз құқығы. Біз осындай қолсұғушылықтан Қазақстан тәуелсіздігін де қорғау қажеттігіне сенімдіміз» деген.

Қол қойғандар арасында Мұхтар Жәкішев, Марғұлан Сейсембаев, Ермұрат Бапи, Арман Шораев, Тоғжан Қожалиева, Бақытжан Төреғожина, Дина Елгезек бар.

Бейбіт адамдар, балалар опат болып, тұрғын үйлер қирап жатыр. Адамдар үйлердің подвалы мен метроларда түнеп жүр. Дегенмен... Киевте әуе дабылы қосылып, оқ жауып жатқанда метрода бір келіншек босанды. Дүниеге Мия есімді бөпе келді. Мия - скандинавиялық нұсқасы бойынша, мойынсұнбайтын, бірбеткей деген мағына береді екен.


Хабарламаларға жазылу