Елде жұмыртқа бағасы өсуі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елде жұмыртқа бағасы өсуі мүмкін

23.02.2022

Елде жұмыртқаның бағасы қымбаттауы мүмкін. Шаруалар шығынға жұмыс істеп жатырмыз деп шағымданды. Бағаны тұрақты ұстап тұру үшін субсидия талап етіп отыр. Ал мемлекеттен қолдау қазір тоқтап тұр.

Асима Нұрбайқызы, тілші:

Бұл фабрикада 200 мыңнан астам құс бар. Күніне шамамен 160 мыңға дейін жұмыртқа өндіреді. Бірақ, зауыт қазір шығынға жұмыс істеп жатыр. Өйткені бір жұмыртқаны нарыққа 25 теңгеден өткізеді. Ал шаруалар оның өзіндік құны 37 теңге деп отыр.

Кәсіп иесі кірістен шығыстың көптігіне налиды. Әр жұмыртқадан кемі 12 теңгеден ұтылып жатыр. Ал оны қымбатқа өткізуге тыйым салынған. Бірақ, құсты бағуға кететін жем-шөптің бағасына бақылау жоқ. Ол соңғы кезде күрт өскен. Салдарынан, шаруа қарызға батып, тығырыққа тірелдік дейді. Қазіргі берешегі – 160 млн теңгеден асқан. Ал нағыз пайданы ортадағы делдалдар көреді. Нарықта бағаны көтеретін де солар.

Фабрика құс басын азайтуға мәжбүр. 2 айда 100 мың тауық сатқан. Жұмысшыларды да 25 пайызға дейін қысқартты. Бірақ мәселе мұнымен де шешілер емес.

Сүндет Асқаров, құс фабрикасы басшысының орынбасары:

Мәселені шешу үшін 2 нұсқа көріп отырмыз. Мәжбүрлі түрде жұмыртқа бағасын көтеруіміз керек. Осы нарыққа байланысты. Себебі жемнің қоспаларының бағасы өскен. Тек жұмыртқаның бағасы бір орында тұрып қалды. Екіншісі - сауда нүктелерімен тікелей жұмыс жасасақ делдалсыз. Сонда шешімін табады деген ойдамын. Немесе мемлекеттен субсидия берсе дұрыс болар еді.

Демек, жұмыртқа бағасы тағы өсуі мүмкін. Өйткені, жыл сайын берілетін субсидия биыл жоқ. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекеттен қолдау тоқтамайтынына сендіріп отыр. Бірақ, қашан қаржы берілетінін өздері де білмейді. Қазір Үкіметпен бірлескен жоба әзірленіп жатыр.

Дәулет Ғаниев, ҚР АШМ Мал шаруашылығы департаментінің басқарма басшысы:

Екі-үш жобасы бар, сол екі-үш жобаның қайсысы Үкіметтің қарауына жолданатынын қазір нақты айтуға әлі ерте. Ол наурыз айында белгілі болады. Алаңдауға өйтіп негіз жоқ. Себебі, 100 пайыз бәрі өзгереді деген ондай шешім жоқ қой. Механизмдері, тетіктері өзгереді. Соңғы вариант сол наурыз айында белгілі болады.

Демек, жұмыртқа өндірушілер субсидияға ілікпей қалулары да мүмкін. Соңғы шешімді жұмыс тобы айтады.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу