Елімізде көп ұзамай 4 пайыздық жеңілдетілген автонесие алуға өтініштер қабылдау басталады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бұл мақсатқа 3 жыл ішінде 150 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр. Оның 30 млрд теңгесі биыл бөлінеді. Алайда 4 пайыздық несие көліктің тек 10 млн теңгесіне ғана беріледі. Қазіргі күнге дейін банктерге автонесие алуға 15 мыңнан астам өтініш түскен. Былтыр тапсырыс берушілер су жаңа отандық көлігін айлап күткен еді. Машина құрастыру зауытының басшылығы биыл бұл келеңсіздік қайталанбайды дейді. Қостанайлық өндірушілер 2022 жылы желіден 70 мың көлік шығаруды жоспарлап отыр. Бірақ былтыр 20 пайызға қымбаттаған өнімнің құны енді одан арзандамайды.
Сырым Семейбаев, машина құрастыру зауытының директоры:
Металдың бәрі қымбаттады. Ал автокөліктер металдан жасалды. Екіншіден логистика қымбаттады. Бір контейнер 4700 доллар болса, қазір 12 мың доллар. Қазіргі уақытта баға кішкене тұрақталды. Сондықтандан алда көлік бағасы қымбаттамайды деп ойлаймын.
Дәуренбек Әбдібек