Ұлыбритания: Тағы бір дауылдан қауіп төніп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбритания: Тағы бір дауылдан қауіп төніп тұр

21.02.2022

Тұманды Альбионға аса қауіпті Франклин атты тағы бір дауылдан қауіп төніп тұр. Қазір бізбен Лондондағы тілшіміз Марина Бекенова байланыста. 

Марина Бекенова, тілші:
Бұған дейін Юнис және Дадли деген атау берілген дүлей дауыл шатырларды ұшырып, ғимараттарды қиратты. Көліктердің үстіне ағаштар құлап, үш адам мертікті. 1,5 миллионға жуық үй жарықсыз қалды. Олардың 77 мыңы әлі де жарықсыз отыр. Лондондағы О2 стадионының шатыры ұшып, көпшілік шаралар кейінге қалдырылды. Франклин дауылы да қауіптілігі жағынан кем түспейді дейді метеорологтар.
Барри Хаттон, Ұлыбритания энергетикалық желілері компаниясының активтерді басқару жөніндегі директоры:
Жел өте қатты болған жағдайда бағандардағы электр өткізгіштері бір-біріне тиіп, жарық өшіп қалуы мүмкін. Ең жиі болатын жағдай - ағаштардың электр желісіне құлауы.

Қоршаған ортаны қорғау агенттігі су тасқыны қаупі жайлы қайта-қайта ескертіп жатыр. Нөсер жауыннан, әсіресе, Ұлыбританияның солтүстік-батысында орналасқан аймақтары зардап шегуі мүмкін. Манчестер қаласының оңтүстігіндегі 430 үйдің тұрғындары қауіпсіз аймаққа көшірілді. Тілсіз жау Біріккен Корольдік құрамына кіретін Уэльс және Шотландия елдерін де әбігерге салуы мүмкін, дейді синоптиктер. 

Марина Бекенова

Хабарламаларға жазылу