Мемлекет басшысының Ұлттық арнаға берген кешегі сұхбаты ел ішінде қызу талқыланып жатыр. Онда Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасына қатысты азаптаулар мен президент сайлауы және Елбасыға қатысты пікірін білдірді. Олигополия, құқықтық нигилизм, масылдық пен тіл мәселесі жайлы айтты. Сұхбаттың негізгі тұстары жайында тілшіміз айтсын.
Қаңтар оқиғасынан кейін ел іші абыр-сабыр болып жатты. Оның үстіне жалған ақпараттар жағдайды ушықтырып, шетелдік басылымдар ойына келгенін жазды. Сол үшін Президенттің алғашқы сұхбаты соларға қарата айтқан жауабы ретінде орыс тілінде болғаны түсінікті. Бұл тілімізді еш кемсіту емес деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Өйткені Қазақстандағы ахуал жөнінде шынайы ақпаратты, ең алдымен, әлем жұртшылығына тарату керек еді. Содан кейін шетелдік ақпарат құралдары сұхбатты кеңінен таратып, барынша пайдаланды. Оны өзіңіз білесіз. Қалай десек те, орыс тілі – Біріккен Ұлттар Ұйымының алты ресми тілінің бірі. Оны мойындауымыз керек.
Мәселен кейбір шетелдік ақпарат құралдары «Ресей Қазақстанды құтқарды», «Қазақстан Ресейге қарыз» деген сарындағы алып-қашпа сөздерді таратты. Бұған ұйым әскерінің елімізге кіргізілгені түрткі болды. Президент кесіп айтты. Бұл құтқару емес. Ортақ мүддемізді қорғау.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Путинге қарыз боп қалдық дегенге келсек, бұл бос әңгіме. Мұны доғару керек. Біріншіден, ҰҚШҰ контингенті Путиннің немесе Ресейдің жеке әскері емес. Оған мүше елдердің бәріне ортақ. Қазақстан осы ұйымның толыққанды мүшесі. Біз ешкімге қарыз емеспіз. Қазақстан - егемен мемлекет.
Ресей еліміздің солтүстігіне көз алартып отыр дегенді де естиміз. Бұл ақылға қонбайтын, орынсыз пікір деді. Ал Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынғандар азапталмауы тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев ұрып-соғу, арқаны үтікпен күйдіру деректері жайлы хабардармын. Әлеуметтік желі арқылы бейнеүндеу жасап, көмек сұрағандарға да бей-жай қарамаймын деді. Сол үшін тиісті тапсырма берілген. Енді шаш ал десе, бас алатын әрекеттер болмауы керек. Оның үстіне белгілі құқық қорғаушылардан құралған қоғамдық комиссия жұмыс істеп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Олар әр істің заңдылығын қарап жатыр. Оларға сенімсіздік көрсетуге ешқандай себеп те, қақымыз да жоқ. Билік те, құқық қорғау органдары да олардың жұмысына араласпайды. Мен де араласпаймын. Әрбір құқық бұзушылық дерегі бойынша шаралар қабылданады. Мен үшін азаматтарымыздың құқығы маңызды.
Яғни тергеу әділ өтуі тиіс. Оның қорытындысы міндетті түрде жарияланады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазір тергеу құпия түрде жүргізіліп жатыр. Өйткені бұл өте ерекше іс болғандықтан біраз уақыт керек. Көп ұзамай халқымызды мазалап отырған сұрақтарға міндетті түрде жауап беріледі. Бәрі де айтылады. Халықтан ештеңені жасырып қалмаймыз.
Жаппай тәртіпсіздіктерден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Қазақстан құратын айтқан. Осы орайда ескі кадрлармен жаңа Қазақстанды қалай құрамыз деген сауал орынды. Президент «саяси тазалау» жүргізудің қажеті жоқ деді. Мемлекеттік басқару саласына бірте-бірте жаңа мамандар келеді.Ол үшін президенттік жастар кадр резерві құрылған. Ондағылар жауапты қызметтерге тағайындалып жатыр. Жалпы жаңа Қазақстанды құруда ешкім бей-жай қалмауы керек. Әсіресе жастар жағы.
Тоқтар Болыс, «Қазақстан жастар конгресінің» атқарушы директоры:
Әрбір жас бүгінгі күні түсінуі керек. Жаңа Қазақстанды құру тек қана президенттің немесе Үкіметтің жұмысы емес. Ол әрбір азаматың жұмысы. Егер әрбір жас өз ісінің білікті маманы болса, сонда ғана біз дамыған мемлекеттердің қатарына кіре аламыз.
Даму үшін монополия, олигополия секілді тамыры терең тартқан проблемалар кедергі. Экономиканы тежеп, саяси ахуалды нашарлатып жібереді. Сол үшін Қазақстан байлығын санаулы адамның қолына ұстатпай, бәсекелестікті дамыту керек. Ал қазір бизнесті қойып, бұқара арасында бәсеке жоқ. Бұл өткен күннің иделогиялық қателігі деді Президент. Өзгелер мигрант атанып, шетелде нәпәқа тауып жүргенде бірде-бір қазақ бұлай жұмыс істемейді деп мақтандық. Бірақ шын мәнінде өзімізді жалқаулық басып, масылдыққа етіміз үйреніп барады. Бұл шикізатқа тәуілділіктің салдары. Одан құтылу үшін идеологиялық жаңғыру қажет.
Сауытбек Әбдірахманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Барлық әкімдіктерге, барлық министрліктерге, барлық азаматтарға еңбекке бет бұру қажет. Халықты еңбекке тәрбиелеу. Қайтадан жұмысқа кірісу деген мәселені қозғауымыз керек. Осы идеологияны барлық деңгейде жүргізуіміз керек. Президент осыған шақырып отыр.
Тағы бір проблемма. Қазір жалғанды жалпағынан басып, заңды елемейтіндер бар. Яғни құқықтық нигилизм белең алып барады. Әділетті қоғам қалыптастырамыз десек, бұған жол бермеуіміз керек.
Әзімбай Ғали, саясаттанушы:
Саяси реформалардың сәтті жүруіне алғышарттар қалыптасты. Біз енді бәрі керемет, өте жақсы болады деп айта алмаймыз. Бірақ, алғышарттар бар. Реформаны жетектеп жүргізетін адам билікке пәлендей қызығушылығым жоқ дейді. Бұл жағымпаздық демеңдер. Менің ойымша бұл таза адамның сөзі.
Сұхбатта Елбасы жайлы кітап жазғаныма өкінбеймін деген Қасым-Жомарт Тоқаев оның 30 жылдық еңбегін жоққа шығармауымыз керек деді. Бұл тарихқа қиянат. Егер тұңғыш президенттің кемшіліктері болса, ол жас ұрпаққа сабақ болуы тиіс. Сондай-ақ тілге реформа жасалады. Ал аудан әкімдерін келесі жылдан бастап пилоттық режимде сайлай бастаймыз. Сайлау демекші Қасым-Жомарт Тоқаев президенттіктің екінші мерзіміне барамын ба бармаймын әлі айта алмайтын деді. Бұған қатысты шешімін алдағы жолдауда жариялап қалуы мүмкін.
Досжан Маратұлы