Ертең - журналистер күні. Осыған орай, бүгін Астанада «Қазақстандық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігі» атты дөңгелек үстел өтті.
Оған республикалық БАҚ басшылары мен танымал журналистер қатысты.
Жиында жыл он екі ай қолдарынан қалам түспейтін қауым, отандық БАҚ-тың басындағы бар мен жоқты түгендеді. Тұшымды ойларын ортаға салды.
Еліміздің ақпарат саласындағы бірқатар қиыншылықтарды жіпке тізді. Журналистердің әлеуметтік қолдауға зәру екендігін, отандық арналардың хабар таратуында жаңашылдықтың жоқтығы мен қазақ тілді бағдарламалардан гөрі орыс тілді жобалардың басым екендігін айтты.
Сондай-ақ, кей телеарналардың жаңалық таратудағы біржақтылығын да тілге тиек етті.
Кенжеболат Жолдыбай, журналист:
Жыл бойы осы мәселелер қайта-қайта айтылады, бірақ, шешімін таппай келеді. Өйткені, бұл журналистердің әлеуметтік орнына байланысты мәселе. Не істеу керек? Мен ойлаймын, республикалық деңгейде журналистердің кәсіподақ ұйымын ашу керек секілді.
Айдана ҮСЕНБАЙ