Елдегі киноиндустрияны өркендетуге жастар да атсалыспақ. Бұл туралы бүгін Алматыда шымылдығын түрген Шәкен Аймановтың 100 жылдығына арналған тұңғыш балалар кинофестивалінде айтылды.
Республиканың түкпір-түкпірінен жиналған 80 бала мықты режиссер, аниматор атануға таласты.
Фестивальге қатысушылардың ең жасы - 11-де. Әйтсе де, көтерген тақырыптары ауқымды.
Шымкент қаласынан келген Әлия экология туралы мультфильм әзірлеп келіпті. Табиғаттың көркіне айналған кербез жануар - ақбөкендердің жоғалып бара жатқанын айтады.
Мүйізін сыртқа сатып, нәсіп көргенше, керісінше табиғаттың сыйын аялауға шақырады.
Әлия Түгелбай, жас аниматор (Шымкент):
Біз бұл мультфильмді өте әдемі қылып көркемдедік. Балаларға ұнайды, деп ойлаймын. Осы Шәкен Айманов атындағы фестивальде бірінші орын алуды армандаймын.
Өзекті мәселені қаузап, қоғамға ой салатын бүгінгі фильмдер - облыстық байқауларда оза шауып, республикалық бәйгеге лайық деп табылғандар.
Анимация, музыкалық фильмдер, ойын және әлеуметтік роликтер сынды 4 номинация бойынша бақ сынасуда. Қазылар алқасына ұсынылған 80 фильм егжей-тегжейлі қаралып, режиссерлік шеберлік анықталады.
Раиса Шер, Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры:
Байқау балалардың шығармашылық қабілетін дамытып, ой-өрісін кеңейтеді. Қарап отырсақ, өнерлі өрендер тек сюжетті ғана беріп қоймай, көркемдік безендіруді де шебер ойластырған. Сондықтан, ертең анықталатын кішкентай мықтылар кәсіби аниматорлардан шеберлік сабағын алады.
«Бұл фестиваль арқылы оқушылар қызығы мен шыжығы астасып жататын киноөнерінің баспалдағына алғашқы қадам жасайды. Келешек білікті режиссерлердің негізі қаланып, отандық киноның көкжиегі кеңейеді»,- дейді ұйымдастырушылар.
Айгүл ЕРМАХАН