Атырау облысында мал ауруы дендеп, төрт ауыл карантинге жабылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысында мал ауруы дендеп, төрт ауыл карантинге жабылды

14.02.2022

Атырау облысындағы Қызылқоға ауданында мал ауруы дендеп барады. Қазір инфекцияға шалдыққан түлік саны 700-ден асты. Жағдайды сол өңірдегі меншікті тілшіміз Жандос Темірғали тікелей байланыс арқылы баяндайды. Жандос, неше ауыл карантинге жабылды?

Жандос Темірғали, тілші:

Бұған дейін біз мал ауруының Сағыз ауылынан шыққанын айтқан едік. Қазір жұқпалы инфекция көршілес жатқан Миялы, Мұқыр, Жангелдин елді мекендеріне таралды. Бүгінде осы 4 ауыл карантинге жабылды. Ауру сиыр мен қой ешкіден анықталып жатыр. Ветеринарлар бас аяғы 20 мыңға жуық аша тұяқтыға вакцина салды. Біз мал дәрігерінен жағдайға қатысты қысқа ғана сұқбат алған едік.

Клара Сәрсенбаева, мал дәрігері:

Мал суды да ішпейді, шөбін де жемейді. Ауыздары көпіріп кетті. Қорықтық сосын. Анықталғасын жұмыс жасай бердік дәрі келгенше. Уыты жоғары антибиотиктермен ектік. Ешқандай өлімге жол бергеніміз жоқ.

Жандос Темірғали, тілші:

Қазір 640-қа жуық ауру ошағына дизенфекция жүргізілді. Әзірге, ауданнан мал шығаруға, сойып-сатуға тиым салынды. Қазір мамандар вирусты диарияның алдын алу үшін қайта егу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу