Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде арматура таратқандар ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде арматура таратқандар ұсталды

14.02.2022

Қаңтар оқиғасы кезінде шерушілерге арматура таратқандар ұсталды. Бас прокуратураның хабарлауынша, оларға полиция қызметкерлеріне, арнаулы және әскери бөлімшелерге, сондай-ақ, әкімшілік ғимараттарға шабуылдар жасады деген айып тағылған.

Қазір 4 адамға қатысты жаппай тәртіпсіздіктер фактісі бойынша қылмыстық істі қозғалып, тергелуде. Күдіктінің біреуі кәмелет жасқа толмаған. Сондай-ақ, Бас прокуратура оларға қару-жарақ дүкенін тонап, Республика алаңындағы шерушілерге таратты деген айып таққан. Бұдан бөлек автокөлікпен шерушілерге арматура таратқан тағы 5 бес адам ұсталды. Олар тәртіпсіздік кезінде мінген көліктерін басқа түске боямақ болды дейді құзырлы орган өкілдері. Сот қамауға алынған 8 адамға қатысты 2 ай мерзімге қамады. Ал кәмелетке толмаған бала ата-анасының кепілдігімен үйге босатылған.

Сонымен бірге қару-жарақ дүкенінен қолды болған сегіз қару тәркіленді. Күдіктінің үйінен «Сайга» мылтығынан бөлек, оптикалық көздеуіш пен аңшылыққа қажетті құралдар табылған. Ұсталған 38 жастағы қала тұрғынының үстінен қару-жарақ пен өзге де мүлікті ұрлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тәркіленген заттарға сот алды сараптама тағайындалды.


Хабарламаларға жазылу