«Отбасым–тірегім, Отаным–жүрегім» атты ақындар айтысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Отбасым–тірегім, Отаным–жүрегім» атты ақындар айтысы өтті

23.06.2014
 «Отбасым–тірегім, Отаным–жүрегім» атты ақындар айтысы өтті

 

«Отбасым-тірегім, Отаным-жүрегім». Сөз маржанын терген еліміздің бір топ айтыскер ақыны тарихи шаһар Таразда бас қосып,   осы тақырыпты жырға арқау етті. Айтысқа «Нұр Отан» партиясы ұйытқы болды.

 

 
Елдің көкейіндегісін қозғап, оны өлеңмен өрнектеген 10 ақын бұл жолы да жұрттың талғамы мен талап биігінен көріне білді. Ішінде орамды ойымен, кестелі сөздерімен елге танымал болған дүлділі де бар, жыр әлеміне имене еніп, балаң жүрекпен жыр құрап жүрген жастары да бар.
 
Басты тақырып – Отан, отбасы. Ақындар береке басы болған елдегі бірлікті, ағайын іші - тату тірлікті жырға қосты. Маржан сөзбен мәнді етіп жеткізген дүниелер-ел мен жер, дәстүр мен өнерге қатысты.
 
Балғынбек Имашев, айтыскер ақын:
Жастарды танытуға және жастардың өнерінің шыңдалуына, жүректегі сенімділікті оятып, бойындағы қабілеттерін ашуға «Нұр Отанның» қолдаған айтыстары үлкен септігін тигізіп отыр.
 
Әрбір айтысты қалт жібермейтін жырсүйер қауымның айтыскерден күтері – ұтымды әзіл мен салмақты ой орамы. Ұлттық өнерге жанашыр әлеумет бұл күні қыз бен жігіттің, жезде мен балдыздың қағытпа қалжыңдары мен жарасымды әзіліне де дуылдата қол соқты. Екінші бөлімде ақындар қарсыласының тосыннан құраған шумағын ары қарай іліп алып, қайым айтыс жасады.

Оразбай Бақыт, көрермен:
Ақындар халықтың мәселесін көтеріп жатыр. Отбасы мәселесі, қазақтың өмір сүру жайы көтерілген айтыс - ұл-қыздарымыздың тәрбиесіне өзіндік үлес қосуда.
 
Айтыстың көрігін қыздырып, көптің көңілдегісін өлеңмен өрнектеген қызылорадалық Нұрмат Мансұров бас жүлдені еншіледі. Ал бірінші орын ақтөбелік Қайнар Алагөзовке, екінші орын жамбылдық Әсет Дүйсебаевқа бұйырды.
 
Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу