Қазақстанда байлыққа салық салынуы мүмкін. Бұл жаңашылдық Ұлттық экономика министрлігінің сайтында пысықталатын болады. Егжей-тегжей қаралады, зерделенеді. Сонымен бай дегеніміз кім, байлық дегеніміз не? Елімізде аталған салық қандай мүліктерге салынуы мүмкін? Дарын Сағитов тарқатады.
Байлық салығы - табыстарды теңестірудің тиімді құралы. Теория осылай дейді. Ол әлемдік тәжірибеде бар. Сондықтан, елімізде енгізілетін байлық салығының тек игілігі болса дейді жұртшылық.
Сонымен байлық салығы «Aston Martin», «Bentley», «Ferrari», «Lamborghini», «Maserati» секілді қымбат көліктерге салынуы мүмкін. Сонымен қатар, ауданы 300 шаршы метрден асатын пәтер, тұрғын үй, 400 шаршы метрден асатын саяжайға мүлік салығын арттыру жоспарланған. Қымбат мүлік ретінде ұшақтар, яхталар мен жылжымайтын мүлік те есептелуі мүмкін.
Айта кетерлігі, қымбат көліктерге байлық салығы енгізілгенде көлік салығының мөлшеріне коэффициент енгізу ұсынылып отыр. Бұл ретте темір тұлпардың шығарылған жылы мен бағасы ескеріледі. Және барлық жеңілдіктер алынып тасталады. Сарапшылар байлық салығы инвесторларды шошытпауы тиіс дейді.
Бауыржан Ысқақов, сарапшы:
Франция мемлекетінде 1 млн еуродан асатын болса, 75 пайызға дейін бюджетке аударып жатады. Әлемдік өркениеттің дамуына, біздің қарапайым халық кемшін тұстарын көрсетпей сол бағытқа барамыз дейтін болсақ әлемдік тәжірибені қолдануымыз керек.
Батыс елдерінде байлықтан түскен салық өте тиімді жұмсалады. Ғылым мен білімге, интеллектуалды бизнеске тартылады. Сол секілді еліміздегі жаңа қадамның да өз мақсаты болуы керек.
Дарын Сағитов, тілші:
Сарапшылар байлықтан түскен табыс қандай да бір мемлекеттік бағдарламаға жұмсалмауы тиіс дегенді айтып отыр. Қомақты қаржы халықтың әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталуы тиіс. Сонда ғана жаңашылдықтың жемісі болады.
Дарын Сағитов