Ресейде өткен аймен салыстырғанда коронавирус жұқтырудың тәуліктік саны 10 есеге көбейді. Эпидемияның қайта күшеюіне ковидтің «омикрон» штамының жылдам тарауы себепші.
Мәселен, Федерация аумағында қаңтардың ортасында күніне шамамен 17 мыңдай адамнан коронавирус анықталатын. Өткен тәулікте қауіпті инфекция 189 мыңнан астам тұрғыннан табылды. Дегенмен, құрбандар саны азайып келеді. Қаңтардың 6-да мұнда ковидтан 800-ге жуық адам қаза тапса, жексенбі күні қайтыс болғандар саны 660-қа дейін кеміді.
Індет қайта өршіп бара жатса да, Ресей үкіметі ешқандай локдаун немесе шектеулер жариялауды жоспарлап отырған жоқ.
2020 жылы бір жарым айға ғана карантин жариялаған Ресейде пандемия басталғалы 12,8 миллион адам коронавирус жұқтырып, осы аурудан 335 мыңнан астам адам жан тәсілім етті. Бұл – Еуропа бойынша ең жоғарғы көрсеткіш екен.
Арыстан Рысбек