«Қаңтар оқиғасының» жаңа видеолары пайда болды (толығырақ) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қаңтар оқиғасының» жаңа видеолары пайда болды (толығырақ)

07.02.2022

Қаңтар оқиғасының жаңа видеолары пайда болды. Қаладағы бейнекамералар мен куәгерлер түсірген кадрларда, Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде лаңкестер мен тонаушылардың не істегені анық көрінеді. Полицейлерді ұрып, дүкендерді тонайды. Кей видеоларда суық қару асынғандарды да байқауға болады.

Бұл – Алматы әкімдігі ғимаратының маңы. Кадрда ашулы топ полиция мен әскериді жерге жатқызып қойып, төпелеуде. Құқық қорғау органдарының қалқандары мен дулығасын тартып алған. Формасын да мәжбүрлі шешкізіуде.

У-шу, ығы-жығы адам. Бірі солдаттарды ұруға үндесе, енді бірі оларды қорғап әлек.

Мына бейнекөріністе түрлі құралдармен қаруланған топ полицияға дес бермей, баса көктеп Алматы қаласы әкімдігінің ғимаратына кіреді.

Нысанға кірді, қиратты, тонады, өртеді. Кадрда құрылым тек ішінара өртеніп жатқанымен, кейін толық отқа оранғаны баршаға мәлім. Мұны келеке етіп, арсыз күліп, суретке түскендер де табылды.

5-қаңтар, сағат кешкі 22:11. Бұл бейнебақылау камерадағы уақыт. Екі ер адам сыртқы киімдерін төсеп, бейқам намаз оқып жатыр.

Ал, мына жерде бұзақылар дүкен терезесін сындырып тіпті, темір қорғанышын көлікпен тартып құлатқанын көресіздер. Ішке лап қойған топ, қолындағы суық қаруларымен сөре әйнектерін сындырып, қолына іліккеннің бәрін алып жатыр.

Айта өтейік, соңғы мәліметке сәйкес, жаппай тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен нысандар саны 1573-ке жеткен. Жалпы шығынның мөлшері 88 миллиард теңгеден асты.

Армангүл Тоқтамұрат


Хабарламаларға жазылу