Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бейжің қаласына жасаған сапарына шолу - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бейжің қаласына жасаған сапарына шолу

06.02.2022

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен Бейжіңге жұмыс сапармен барды, алдымен Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына қатысты, ал кеше Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин келіссөз өткізді. Си Цзиньпин Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанға шақыруын қабыл алып, алдағы күзде елімізге мемлекеттік сапармен келу жоспарымен бөлісті. 

Бұл – Бейжіңдегі «Құс ұясы» ұлттық стадионы. XXIV қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты осында өтті.

Олимпиадаға қатысушы мемлекеттердің салтанатты шеруінде Қазақстанның Мемлекеттік туын шорт-трекші Абзал Әжіғалиев пен конькимен жүгіруші Екатерина Айдова алып өтті. Оларға Қасым-Жомарт Тоқаев қол бұлғап тұрды.

Қысқы Олимпиадада 87 жолдама ұтып алған ұлттық құрама сапындағы 34 спортшы жүлдеге таласады. Олар спорттың сегіз түрі бойынша сайысқа түсуді бастады. 16 күнге созылатын Олимпиада ойындарында спорттың 15 түрінен 109 медаль сарапқа салынбақ.

Ал мынау – Халық жиналысы үйі. Мұнда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин келіссөз жүргізді. Екі ел басшысы Қазақстан мен Қытай арасындағы саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзиттік және мәдени-гуманитарлық салалардың ауқымды мәселелерін талқылады. Қ. Тоқаев: «Бұл ынтымақтастық мәңгі және саяси конъюнктураға бағынышты емес», деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бүгінгі келіссөз қазақ-қытай қарым-қатынасы тарихындағы сапалы әрі жаңа кезеңге бірлесе қадам басуға мүмкіндік береді. Қазақ-қытай достығын, тату көршілік пен өзара сыйластықты нығайтуда жаңа табыстарға қол жеткізу үшін тығыз ынтымақтастыққа әзірміз. Пандемияға қарамастан, екі жақты тауар айналымы 2021 жылдың қорытындысы бойынша 15,2 пайызға өсіп, 18,2 миллиард долларға жетті. Қытай мен Орталық Азияның бес елі арасындағы жалпы сауданың жартысы Қазақстанға тиесілі.

Мемлекет басшысы цифрлық технологиялар мен көлік және логистика салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін атап өтті. Қазақстанда қытай мәдени орталығын ашу мәселесі де талқыланды. Ал ҚХР Төрағасы «Біртұтас Қытай» қағидатына қолдау көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі жан-жақты дамытуға мүдделі екенін айтты.

Си Цзиньпин, Қытай Халық Республикасының төрағасы:

Қазақстан мен ҚХР арасындағы байланыстардың алдағы 30 жылдағы алтын дәуіріне осы кездесу жол ашады. «Бір белдеу – бір жол» бастамасы жүзеге асырылып жатқан 9 жыл ішіндегі ынтымақтастыққа оң баға береміз. Келешекте ауыл шаруашылығы, жасыл энергетика, жасанды интеллект, қаржы және электронды сауда салаларындағы өзара ықпалдастыққа баса мән беру керек. Сіздің парасатты әрі көреген басшылығыңызбен Қазақстан қуатты әрі өркендеген мемлекетке айналатынына сенімдіміз.

Кездесу соңында Си Цзиньпин Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанға шақыруын қабыл алып, алдағы күзде елімізге мемлекеттік сапармен келу жоспарын айтты.


Хабарламаларға жазылу