Елбасының Түркістан қаласына барған сапарына шолу - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасының Түркістан қаласына барған сапарына шолу

16.05.2021

Түркістанның мемлекетіміздің 30 жылдығына түлеп жеткені рас, қуантады. Қолға алған үш жыл ішінде 257 нысан пайдалануға беріліпті. Мемлекеттің мызғымауына, өңірдің дамуына үлкен ықпалы бар - шағын және орта бизнестің үлесі 21 пайызға жеткен.

Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың Түркістанға сапары туралы Досжан Маратұлының материалы.

Досжан Маратұлы, тілші:
Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістанның облыс орталығы болғанына да – үш жылға жуықтады. Бүгінде өңір қарқынды дамудың жолына түскен. Облыс орталығы жаңа кейіпке еніп келеді. Мұнда бірінші рет келген адам қаланың өзіне тән ерекше аурасын, қасиетін сезінеді. Бүгінгі қаланың тарихи, рухани болмысы бөлек.

Түркістан адам танымастай өзгерген, гүлденген. Әдемі ғимараттар, су бұрқақтар мұның бәрі екі-үш жыл бұрын жоқ еді. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңайы да абаттандырылып, түрлі нысандар бой көтерген. «Қазақ хандары» мемориалдық кешені соның бірі.

Кешенде иілген 21 қанатты көруге болады. Бұл Түркістанда жерленген 21 ханды білдіреді. Есім ханнан Әликен ханға дейінгі бабаларымыздың есімдері мен басқарған жылдары да жазылған. Осында Елбасы «Ұлы дала бірлігі» атты капсуланы салды. Оның ішінде еліміздің түкпір-түкпіріндегі қасиетті жерлердің топырағы бар. Жалпы қаланың қайта түлеуімен тарихи жұмыстар да жанданды. Соның негізгісі - Күлтөбе қалашығын қалпына келтіру. ЮНЕСКО-ның қызығушылығын тудырған ескі қала әлемдік музейлерден кем түспейді дейді мамандар. Қазба жұмыстары биыл аяқталуы тиіс. Кейін туристер осында кіріп, көне әуірлерге саяхаттай алады. Сондай-ақ, Түркістанның жасына қатысты тартыс көп. Соңғы табылған жәдігерлер киелі мекеннің мың жарым емес, үш мың жылдық тарихы барын дәлелдеп отыр.

Бауыржан Байтанаев, Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институтының бас директоры:
«Мәдени мұра» және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жасалған қазба жұмыстарынан кейін Түркістанның өте көне екені анықталды. Оның бірінші кезеңі осыдан үш мың жыл бұрын қола дәуірінде басталғаны анықталды.

Кесененің бір жағында Күлтөбе болса, екінші жағынан нағыз қазақы этно ауыл тұрғызылған. Ақшаңқаң киіз үйлер, алтыбақан, жылқылар - мұның бәрі туристерге қызық. Мұнда аспаздар ұлттық тағамдарымызды әзірлеп, қолөнер шеберлері аспаптарымызды, ал әжелер, жүн түтіп, ұршық иіріп, сырмақ жасап отыр. Жастар жағы ән салып, ауыл іші той думан.

Тұңғыш Президент драма театрдың ашылу салтанатына да қатысты. 510 адамға шақталған өнер ордасының ерекшелігі - әмбебаптығында. Хор, оркестр, балет, опера бәрі бір жерде. Композициялық көрінісі, сәулеттік келбеті ерекше театрда түркі әлеміне ортақ қойылымдар қойылады. Оны алғашқылардың бірі болып, Нұрсұлтан Назарбаев тамашалады. Құрметті қонақтар кітабында жазба қалдырып, ұжымның жұмысына сәттілік тіледі.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
Облыс орталығы болған соң, оның мәдениеті болуы керек. Осындай мәдениет ошақтары болмаса, адам сергіп, болашақты ойлайтын жағдайы болмайды. Өте бақытты әртіс екенсіңдер. Көп халықтың алдында өнер көрсетесіңдер.

Тарихи мәдени жерге кітапхана да қажет. Фараб ғылыми орталығында 480 мыңнан астам кітап қоры бар. Сирек кездесетін оқулықтар аз емес. Мәселен кесенеге жүргізілген ең алғашқы зерттеу жұмыстары жайлы жазбалар да осында сақтаулы.

Ал бұл ел азаматтарын ерекше қызықтырған «Керуен-сарай». Орталық Азиядағы ең ірі туристік кешен. Бір шақырымға созылады. Төрт мың адам жұмыс істейді. Жобаға салынған инвестиция көлемі 87 млрд теңге. Ерекше стильде салынған нысан Ұлы жібек жолындағы сауданы елестеді. Мұнда қонақ үйлер, мейрамханалар, фуд-кордтар, шығыс базары, қолөнершілер көшесі секілді сауда және ойын сауық орталықтары бар.

Досжан Маратұлы, тілші:
Кешен ішіндегі осы бар дүниелердің барлығын міне мынадай су арнасы біріктіреді. Қайыққа отырып кез-келгеніне жүзіп баруға болады. Сондықтан Керуен-Сарайды «Қазақстандағы-Венеция» деп атап кеткен.

Нағыз қызық кеш батқанда басталады. Судағы шоу, амфитеатрдағы қойылымдар ерекше әсерлі. Міне, осының бәрін көрсем, қаланың тарихымен таныссам деп көрші мемлекеттерден, ел ішінен келген турист көп. Түркістан, барлығын таңқалдырып жатыр.

Иә, Түркістанның туристік әлеуеті зор. Оларға Ұлы дала елі және Қожа Ахмет Ясауи атындағы музейлер де қызмет көрсетіп жатыр. Қонақтарды қарсы алып, тау, тасы тарихқа бай өлкемен таныстыратын «Визит Центр» орталығы да салынған.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
Енді бір-екі жылдың ішінде 2,5 млн турист келетін болады. Қазір Стамбулдан екі рейс келетін болды. Жақында Ташкент, Бішкектен келеді. Ашхабадтан келеді. Басқа елдерден де рейстер көбейеді. Оның үстіне Самарқанд-Ташкент-Шымкент-Түркістан деген пойыз саламыз. Сонда туристік маршруттар бір-бірімен қосылып, өңір өркендейді. Жұмыс қызады. Жаңа орындар ашылып, жастарға мүмкіншілік пайда болады.

Осындай маңызды шаруаларды іске асыру үшін 2024 жылға дейін бір жарым триллион теңгеге жуық қаржы бөлінген. Инвестиция да тартылып жатыр. Қаланың тарихи-мәдени орталығы шығыстық стильде көркейіп келеді. Бұл нысандардың кесенеден биік болмайтыны белгілі. Ал әкімшілік іскерлік орталықта 7,9, және 12 қабатты 89 тұрғын үй бой көтеруде.

Досжан Маратұлы, тілші:
Түркістандағы құрылыс сіздің назарыңызда екенін білеміз. Қалаға бұған дейін келгендегімен салыстырғанда қандай өзгеріс бар екен? Көңіліңізден шықты ма?
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
Мен мұнда жыл сайын келемін білесіңдер. Жылда ештеңе істелмейтін. Енді былтыр келген адам қазір қаланы танымайды. Ай сайын өзгеріп жатыр. Біздің астанаға келгендер таңғалатын. Бір ай келмесек танымай қаламыз деп. Ал Түркістан одан тез салынып жатыр.

Құрылыс 2050 жылға дейін жоспарланған. Қаланың іші де, сырты да жасыл желекпен көмкеріліп келеді. Тұңғыш Президент атындағы және Яссы саябақтары салынған. Жалпы Түркістанның дамуы аймаққа оң әсер етіп жатыр. Соңғы үш жылда инвестиция көлемі екі жарым есеге ұлғайып, ЖІӨ 41%-ға артқан.


Хабарламаларға жазылу