Жезқазғандағы жалғыз бассейн жабық тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жезқазғандағы жалғыз бассейн жабық тұр

04.02.2022

Жезқазған қаласындағы жалғыз бассейннің жабық тұрғанына осымен 4 жыл. Салдарынан спортшылар қыс мезгілінде жаттыға алмай келеді. Кәсіпкердің нысанды қайтадан қалпына келтіруге қаражаты жоқ. Ал бюджет есебінен салынып жатқан жаңа бассейннің құрылысы тоқтап қалған. Тілшіміз Руслан Нұрланұлы тарқатсын.

Кәсіпкер Сұлтан Балаев қаладағы жалғыз жүзу бассейнін 4 жылдан бері іске қоса алмай келеді. Айтуынша, 2019 жылы қаланы жылумен, сумен қамтитын мекеме тұтыну есебінің жаңа жүйесін енгізіп, кәсіпкерді тақырға отырғызған.
Сұлтан Балаев, кәсіпкер:
Компания жылу мен суды есептегіш құралмен емес, құбыр диаметрімен есептеді. Нәтижесінде бар-жоғы үш ай ішінде 13 миллион теңге қарызға баттық. Осылайша бізге ескертпестен қыс ішінде жылу мен суды ағытып тастады. Соның кесірінен бассейн қатып, барлық құбырлар жарылды.
Жылу мен су жүйесін қалпына келтіруге кәсіпкер 24 миллион теңге жұмсаған. Алайда бассейнді сақтап қала алмады. Бос тұрған соң түбі кеуіп, жарылып, су кете бастаған.
Сұлтан Балаев, кәсіпкер:
Бассейнді толық жаңартып, сүзгілерін ауыстыруға шамамен 53 миллион теңге керек. Өкінішке қарай, ондай ақша бізде жоқ. Жергілікті әкімдіктен көмек сұрап едік, қолдау болмады. Бізге ақша бөлсе, кейін спортшыларға, тұрғындарға, мүгедектерге, зейнеткерлерге тегін қызмет көрсету арқылы қайтаратын едік.
Бассейннің болмауы спортшыларға қолбайлау болып отыр. Мәселен, байдарка мен каноэ есу спорт мектебінің 300-ге жуық шәкірті жүзудің орнына шаңғы тебуге мәжбүр. Тіпті олардың бірқатары Қазақстан құрамасында өнер көрсетеді.
Мереке Жадрина, Байдарка мен каноэда есу спорт мектебі директорының орынбасары:
Бізге осы бассейн өте қажет. Өйткені біз балаларды 10 жастан қабылдаймыз. Ол балалар жүзу білмейді. Жаттықтырушылар үйрету керек оларды. Бассейн жұмыс істеп тұрғанда осында келіп, балаларды үйретіп, сосын суға шығаратынбыз.
Ал мына алаңда келешекте 320 көрерменге арналған залы, бассейні бар зәулім спорт кешені бой көтеруі тиіс. Бірақ құрылысы тоқтап қалған. Тек іргетасы құйылып тұр.
Ренат Бекаев, облыстық азаматтық кеңес төрағасының орынбасары:
Әуелде тендерге жергілікті компания қатысқан. Бірақ Қызылордалық компания жеңіп алады. Содан бері екі мердігер арасында сот жүріп жатыр. Бұл жобаға бастапқыда республикалық бюджеттен 600 миллион теңге бөлінген. Ол ақша игерілмей қалды. Содан бері құрылыс материалдарының бағасы бірнеше есеге өсіп кетті. Енді бұл нысанды аяқтау үшін 1 миллиард теңгеден астам қаражат керек екені анық.
Қолда бар бассейнді қалпына келтіру 20 есе арзанға түсер еді ,-дейді қоғам белсенділері. Алайда қала әкімі бюджет есебінен жекеменшік нысанға қаржы бөлу заңға қайшы екенін айтты.
Қайрат Әбсаттаров, Жезқазған қаласының әкімі:
Оған негіз жоқ, оған заң жоқ. Осындай қаржыландыру заңдастырылмаған бізде, ондай механизм жоқ.
Кәсіпкерге қаржы беруден барлық банк бас тартқан. Себебі жұмысы тоқтап тұрған нысанды кепілге алмайды.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу