Сенат жанындағы жас сарапшылар клубының отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сенат жанындағы жас сарапшылар клубының отырысы өтті

04.02.2022

Кәсіпорындар басшылары жалақыны көтеруге аса ынталы емес. Бірақ қазіргі әлемдік стандарттарға сай біздің компаниялар да әлеуметтік саясат және корпоративті басқарумен байланысты талаптарды енгізуі керек. Сенат спикері Жас сарапшылар клубының кезекті отырысында осылай деді. Мәулен Әшімбаев кездесуде қаңтар оқиғасына кеңінен тоқталып, болған жайттан дұрыс қорытынды шығарудың маңызды екенін айтты. Сондықтан Сенат төрағасы әлеуметтік, қоғамдық-саяси тақырыптар, жастармен жұмыс, кадр саясаты, еңбекке қатысты дау-дамайларды шешу бойынша бастамаларға тоқталды. Бұл оқиға әлеуметтік бағдарламалардың тиімсіз болғанын ашып берді. Мәселен, былтыр бюджет шығыны 15 трлн теңгеден асқан. Бұл қаражаттың жартысына жуығы әлеуметтік бағдарламаларға бағытталған. Тек әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамтамасыз етудің өзіне 4 трлн теңге жұмсалыпты. Алайда ауқымды қаржы бөлінгенімен, айтарлықтай нәтиже жоқ.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Енді алдымыздағы уақытта осындай қайғылардың, осындай трагедиялардың, осындай қасіреттердің болмауы үшін бар күшімізді салуымыз керек. Бұл – мемлекеттік органдардың, депутаттардың, қоғам белсенділерінің жалпы, отнанына қызмет етіп жүрген барлық азаматтардың міндеті және борышы. Мұндай жағдайларды болдырмау үшін не істеу керек? Ең алдымен, осы оқиғалардан сабақ алуымыз керек, қорытынды шығаруымыз керек. Мемлекеттік саясатта, еліміздегі көп нәрсені өзгертуіміз керек.
Никита Шаталов, сарапшы:
Біз бәріміз қазір болған оқиғалардан қорытынды шығарып, ары қарай не істеуміз керек деген сауалға жауап іздеп жүрміз. Бізге теңсіздікті жойып, білім беру жүйесін жақсарту керек. Яғни, бұл осы дағдарыстың басталуына себеп болған басты факторлар.


Хабарламаларға жазылу