Жезқазған қаласында тұрғын үй құрылысы саласында қарқын бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жезқазған қаласында тұрғын үй құрылысы саласында қарқын бар

04.02.2022

Жезқазған қаласында үй құрылысы қарқынды. Былтыр 25 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген. Мұндай көрсеткіш мысты қалада бұрын-соңды болмаған. Ал жалпы облыс бойынша тұрғын үй салу көрсеткіші 25 пайызға артқан. Тілшіміз Руслан Нұрланұлы бұл саладағы жұмыстармен танысып қайтқан болатын.

Жанбота Алдабергенова, 5 баланың анасы. Шаңырақ көтергелі 15 жылдан бері пәтер жалдап келген. Жақында олардың арманы орындалды. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған жаңа жалдамалы үйден 3 бөлмелі пәтерге қол жеткізді.

Жанбота Алдабергенова , жезқазған қаласының тұрғыны:

Үкіметіміз үй беріп жатыр. Балалардың несібесі деп ойлаймын енді осының барлығы. Енді алдындағы жалдап тұрған үймен салыстыратын болсақ айырмашылық өте үлкен. Жалдаған үйге 100 мың теңге төлеп отырсақ, енді бұл жаңа үйімізге 23 мың теңгеден ғана шығады. Енді бұл алдағы уақытта тағы үй алуға үлкен мүмкіндік бұл балаларымызға.

Өткен жылы Жезқазғанда үш бірдей үй тапсырылып, 150-ге жуық отбасы баспаналы болған. Соның 20 пайызы жетімдерге берілген. Қалада бұрын үй құрылысы баяу жүргендіктен, кезектегілердің саны 2,5 мыңнан асып кеткен. Сондықтан биыл да қалада несиелік және жалға берілетін үйлерді салу жалғасып жатыр.

Ал облыс бойынша былтыр 662 мың шаршы метр тұрғын үй салынған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 25 пайызға артық. Осылайша жылдар бойы кезекте тұрған тұрған 5 мың отбасының баспана мәселесі шешілді.

Абзал Жайлыбаев, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

Бұл тұрғын үйлердің 60 пайызы коммерциялық тұрғын үй, 25 пайызы жеке меншік тұрғын үйлер, 15 пайызы бюджеттік тұрғын үйлер. Жалпы негізі биылғы жоспарымыз 708 мың шаршы метр пайдалануға беру. Бұл шамамаен есептегенде 8 мың пәтер.

Өңірде биыл кеншілер мен металлургтер үшін тұңғыш рет арнайы үстемесі аз ипотека беріледі. Жаңа тұрғын үй бағдарламасы аясында Қарағанды, Теміртау, Шахтинск, Саран және Абай қалаларындағы шахталар мен металлургиялық комбинат жұмысшылары үшін өңірлік бюджеттен бір миллиард теңге бөлінді. Биылдың өзінде жұмысшыларға шамамен 70 пәтер үлестіріледі.

Хабарламаларға жазылу