Олеся Граур: Жарыс жолы көңілімізден шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Олеся Граур: Жарыс жолы көңілімізден шықты

03.02.2022

Бүгін Бейжің Олимпиадасында отандастарымыз жарыс жолына шықты. Фристайл-могулдың бірінші іріктеу кезеңінде 3-бірдей бұрымдымыз өнер көрсетті. Ал, ерлер арасындағы сында қазақ жанкүйері Павел Колмаковпен Дмитрий Рейхердтан жоғары нәтиже күткені анық. Бәсекені өз көзімен тамашалап, спортшылармен сұхбаттасқан әріптесім баяндайды.

Азат Қадырбек, тілші:
Джянзакой Гентинг Сноу Парк кешенінде бірінші болып әдеттегідей қыздар жарыс жолына шықты. Бастапқы тізімде әйелдер арасындағы сында 4-спортшымыздың есімі жазылғанымен, жарыс жолына тек 3-бұрымдымыз шықты. 16-шы болып өз өнерін паш еткен Олеся Граур 57,18 ұпай нәтижесімен бүгін 23-ші орынға тұрақтады.
Олеся Граур, Фристайл - могулдан Қазақстан құрамасының мүшесі:
Жарыс жолы көңілімізден шықты. Бірақ, атап өтетін жайт. Бұл трасса - біз бақ сынайтын әлем кубогы кезеңдеріндегі жарыс жолынан ұзынырақ. Дегенімен, бәрі ойдағыдай.

Бұл ақ ойындарда фристайл-могул бәсекесіндегі ең жас спортшы Анастасия Городко өкінішке қарай жарыс жолынан шығып кетіп 6-шы ақпанда өтетін іріктеудің екінші кезеңінде барын салуы тиіс. Ал, Қазақстанның әйелдер құрамасы сапындағы үздік көрсеткіш Аяулым Әміреноваға тиесілі. Барлық элементтерді сәтті орындаған жерлесіміз 66,82 ұпай нәтижесімен 16-шы орынан көрінді.

Ерлер арасындағы сында Павел Колмаков 74,09 ұпай нәтижесімен 17-ші орынға табан тіресе, 22-ші болып жарыс жолына шыққан Дмитрий Рейхерд 75,43 ұпайды қанжығаға басты және бәсекені 12-ші орында аяқтады. Ерлер арасындағы квалификацияның 2-ші кезеңі мен финалдық бәсеке 5-ші ақпанда өтеді.


Хабарламаларға жазылу