Украина, Ұлыбритания, Польша жаңа саяси одақ құруы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украина, Ұлыбритания, Польша жаңа саяси одақ құруы мүмкін

03.02.2022

Украина, Ұлыбритания және Польша үш ел бірігіп, Еуропадағы саяси ынтымақтастықтың жаңа форматын құрмақшы. Бұл туралы ел президенті Владимир Зеленский мәлімдеді. Киевтегі меншікті тілшіміз Аида Әбіл жаңа саяси одақтың мүмкіндігі жайлы сарапшылардың пікірін білді.

Аида Әбіл, тілші:

Украина, Польша, Ұлыбритания: Еуропадағы саяси ынтымақтастықтың жаңа форматы, яғни үш елдің осынау альянсы – ең алдымен аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Украина үкімет басшысы жаңа саяси одақты осылай деп бағалады. Дүйсенбідегі Зеленскийдің осы мәліметінен кейін Польша үкіметі Украинаға ең заманауи техникасын, оның ішінде «Найзағай» деп аталатын әйгілі қаруын жеткіземіз деген жоспарын айтты. Grom-М деп аталатын бұл қару ұшақтарды, тікұшақтарды және дрондарды жоюға қауқарлы. Дей тұрғанмен, украиндық саяси сарапшы Андрей Бодров дәл қазір қандай да бір елмен саяси одақ құру – Мәскеу мен Киев арасындағы түсінбеушілікті арттыра түседі деген қаупін жеткізді.

 Андрей Бодров, саяси сарапшы:

Польша мен Британия Украинамен келісімнен кейін, аумақтық әскерилердің санын бірнеше есеге арттыруы мүмкін. Демек мұнда әскери база, әскери бөлімдер, қару-жарақтың саны еселенеді. Бұл, әлбетте, көрші елмен суық қатынасаты одан әрі күшейте түседі. Дәл қазір саяси одақ құру, керісінше, біздің елге қауіпті деген пікірдемін.

Аида Әбіл, тілші:

Ұлыбритания да Украинаға көмек көрсетуге әзірлігін жеткізді. Атап айтқанда, елдің әскери-теңіз күштеріне бағытталған көмек қаражатынан бөлек, Ұлыбритания Украинаның инфрақұрылымы мен энергетика саласына 2 миллиард фунт бөлмекші.


Хабарламаларға жазылу