2022 жылы қандай бағдарламамен үй алуға болады? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2022 жылы қандай бағдарламамен үй алуға болады?

02.02.2022

Баспана алуға қажетті бастапқы жарнаның мөлшері азайтылды. Жеңілдік кезекте тұрған көпбалалы аналар мен толық емес отбасы мүшелеріне жасалған. Биыл бұл тізімге мүмкіндігі шектеулі жандар да қосылды. Бұл «Бақытты отбасы» бағдарламасындағы өзгерістер. Жалпы биыл ел көлемінде 17,1 млн шаршы метр аумаққа тұрғын-үй салынады деген жоспар бар. Пәтер алуға қатысты тың бастамалар жайында Раушан Сайлауқызы тарқатады.

 50-ден асқан Бақтыгүл Қамбарова 5 жылдан бері пәтер жалдап тұрады. Баспана алуға шамасы жоқ. 4 баланың асыраушысы өзі ғана. Тапқан-таянғаны күнделікті тамақ пен киімнен аспайды.

Бақтыгүл Қамбарова, қала тұрғыны: 
 4 балам, күйеу балам, қызым тұрып жатырмыз. 6 кісі. Немереммен 7 кісі тұрып жатырмыз мына кішкентай жерде. Кейде ана туысымның үйіне барамын, бір күні жатуға. Бір күні ана үйге барамын. Сөйтіп жүрмін, әр жерде қонып. Осындай аналарды қолға алса еді. 

Тұрақты тіркеуі жоқ. Сол себепті үй кезегіне де тұра алмайды. Елімізде баспанаға мұқтаж отбасылардың нақты есебін болжау қиын. Тек кезекте тұрғандар саны 590 мыңдай. Үкімет оларға арнап жалдамалы және несиелік бағдарламалар әзірлеген. Мәселен, жағдайы төмен отбасылардың жалдау ақысының 50 пайызын енді мемлекет төлейді. Ал несиелік жеңілдікпен деп отырғанымыз «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» бағдарламалары.

Әзімбек Нәлібаев, ҚР ИИДМ құрылыс және ТҮКШ істері комитетінің басқарма басшысы:
Бұл екі пайыз 5 пайыз бізде бұрыннан жұмыс жасап келген бағдарламалар. «Бақытты отбасы», «Шаңырақ» бағдарламасы Тек ол жерде алғашқы пайыз әртүрлі болған 10,20 пайыз. Енді тек 10 пайыз. Алғашқы жарна құю арқылы 20 жылға займ алуға болады. Және де екі пайызға мүмкіндігі шектеулі азаматтарды және мүгедек балалары бар азаматтарды қосып отырмыз.

Ал, кезектегі қалған азаматтар 5 пайыз жеңілдікпен «Шаңырақ» бағдарламасы арқылы баспаналы бола алады. «Жұмысшы жастарды» қолдауға арналған бағдарлама 2025 жылға дейін жалғасады. Биыл үш қаладағы 3000 жастың үйлі болуына мүмкіндік бар. Ал халықтың өзге санатына қандай үй алу тетігі бар десек.? Биыл «Отбасы банкі» әкімдіктермен бірлесіп моноқалаларда ипотекалық бағдарламалар әзірлемек. «7-20-25» бағдарламасы әлі тоқтаған жоқ. Әйелдерге арналған «Ұмай» жобасының да игілігін көрген жөн. Әскерилер үшін «Әскери баспана» жалғасуда.

 Раушан Сайлауқызы, тілші:
Ауылда тұруды қалағандарға да жағдай жасалып отыр. Ол үшін жұмысшы жеке кәсіпорында 5 жыл жұмыс істеуі шарт. Кәсіп иесімен арадағы келісімге сәйкес оған жаңа үй салынады. Бірақ, шығынның 50 пайызын мемлекет өтейді. Демек, екі тарап та ұтылмайды. Бірі үйлі болса, бірі тәжірибелі маманын сақтайды. Тұрғын-үй саясатын дамыту жөніндегі заңда біраз бастамалар бар. Әзірге құжат Мәжілістің қарауында жатыр.

 Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу