Түркияда да коронавирус өршіп тұр. Өткен тәулікте вирус жұқтырғандар саны 100 мыңнан асты. Эпидахуал күн санап нашарлап барады. 9 ай бұрын барлық карантидік шектеулерді алып тастаған ел билігі енді қандай қадамға бармақ? Түркиядағы соңғы ахуалды білу үшін бізбен тікелей байланысқа шығып тұрған әріптесім Айдос Әшімұлына кезек берейік. Айдос Түркиядағы жағдайды толығырақ айтып берсең.
Айдос Әшімұлы, тілші:
Түркияда пандемия басталған екі жылда тұңғыш рет коронавирус жұқтырғандар саны бір тәулікте 102 мың 601 адамға жетті. Мамандар вирустың бұлай жылдам таралуын өткен аптадағы күннің күрт суытуымен байланыстырып отыр. Түркияда қазір барлық жерде маска тағу режимі қатаң талап етілуде. Дегенмен ел билігі әзірге ешқандай карантиндік шектеулер болмайтынын ескертті. Мәселен, қазір каникулда жүрген оқушылар келесі семестрде де оқуларын дәстүрлі түрде, яғни оффлайн жалғастыра бермек. Сондай-ақ, қоғамдық орындар да әзірге қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.
Түркияда вакциналау қалай жүріп жатыр. Қоғамдық иммунитет қалыптасты ма?
Айдос Әшімұлы, тілші:
Қазір Түркияда вакциналау өте қарқынды жүріп жатыр. Бүгінге дейін 18 жастан асқан азаматтардың 85 проценті екпенің екі дозасын да алған. Қазір елде медицина қызметкерлері мен егде жастағы азаматтар екпенің үшінші, төртінші дозаларын алып жатыр. Алайда мамандар пандемияның алғашқы айларында вакцина алғандарда антиденелердің азайғанын, сондықтан да әзірге қоғамдық иммунитет қалыптаспағанын айтады. Ал Түркия президенті жанындағы коронавирусқа қарсы күрес жөніндегі комиссияның кезекті отырысы ертең өтуі тиіс. Карантиндік шектеулерге қатысты қандай да бір өзгерістер сол жиыннан соң белгілі болмақ.