Түркияда «Дельта» штамы күрт көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда «Дельта» штамы күрт көбейді

28.07.2021

Түркияда соңғы күндері коронавирустың «дельта» штамын жұқтырғандары саны күрт көбейді. Бұған негізгі себеп Құрбан айт мейрамына орай берілген 9 күндік демалыс, дейді мамандар. Мереке күндері сақтық шараларына мән бермей, қоғамдық орындар мен жабық ғимараттарда халықтың топталып жиналуы вирустың тез жайылуына мүмкіндік берді. Тек соңғы бір тәулікте вирус жұқтырғандар саны 20 мыңға жуықтаған. Бұл осыдан екі апта бұрынғы көрсеткіштен 5 есе артық.

Нуреттин Игит, Коронавирусқа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі, профессор:
Егер осылай жалғаса берсе күзде жағдай тіпті ауыр болуы мүмкін. Себебі вирус жұқтырғандар артқан соң көп ұзамай ауруханалар тола бастайды, одан кейін жансақтау бөліміне түсетіндер көбейеді, соңында қайтыс болғандар саны да артады. Бұл тізбекті үзу үшін әрқайсымыз тазалық шарттарын сақтап, тезірек вакцина алуымыз қажет. Қоғамдық иммунитет қалыптаспай вирусты жеңе алмаймыз.

Түркияда қазір вакциналау қауырт жүріп жатыр. Дегенмен әлі де болса қоғамдық иммунитет қалыптасатындай дәрежеге жетпеген.Мамандар вирустың таралуын ауыздықтап, халықты екпе алуға ынталандыру үшін қоғамдық орындарға тек вакцина паспортымен кіргізу қажет деген ұсыныс жасап отыр.

Айдос Әшімұлы

Хабарламаларға жазылу