Санаулы күннен соң Бейжіңде ақ ойындардың алауы тұтанады. Дүбірлі додаға келген төрткүл дүниенің кіл мықтылары 2 апта көлемінде жүлделерді өзара сарапқа салады. Жүлде демекші, бұл жолғы ақ ойындардың медальдары несімен ерекшеленеді? Әрбір спортшының басты арманына айналған жүлдені көзбен көріп, өз әсерімен бөлісу үшін тікелей байланысқа әріптесім Азат Қадырбек шықты.
Азат Қадырбек, тілші:
24-ші қысқы Олимпиада ойындарының медальдары көпшілік назарына ұсынылды. «Тонг Чинь» атауына ие болған жүлделердің дизайны қарапайым болғанымен атап өтер ерекшеліктері көп. Мысалы медальдың беткі жағында бейнеленген 5 шеңбер Олимпиадалық бірлік пен қысқы ақ ойындардың кереметін сипаттайды. Алтын, күміс және қола жүлденің пішіні мен келбеті 2008-ші жылы дәл осы Аспан асты елінің астанасында өткен ойындардың медальдарына ұқсас. Бұл - Бейжіңді жазғы және қысқы ойындарды өткізу құрметіне ие болған әлемдегі жалғыз шаһар екендігін тағы бір мәрте ерекшелейтін белгілердің бірі. Медальдің беткі жағында «24-ші Қысқы Олимпиада ойындары Бейжің-2022» жазуы таңбаланса, жүлденің артқы бөлігінде ақ ойындардың эмблемасы және спорт түрінің атауы жазылған. Бұл жазулардың барлығы дәстүрлі қытай өрнектерімен көмкерілген.
Дәл осындай 109 медаль жиынтығы спорттың 15 түрінде сарапқа салынады. Ал, төрткүл дүние тағатсыздана күткен бәсекені «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары сіздердің назарларыңызға тікелей эфирде ұсынады.