Елде эпилепсия ауруы азаймай отыр. Әсіресе балалар арасында дендеп барады. 60 мыңнан аса адам бас мидың созылмалы сырқатына шалдыққан. Бұрын шипасы жоқ деп саналса, қазір дертті емдеуге болады. Алайда, көбі ауруы асқынғанда бір-ақ келеді. Дәрігерлер осылай деп дабыл қағып отыр. Оның үстіне маман тапшы.
Ойын баласының ойнағанынан, ауырғаны көп. Талмасы күніне 100 ретке дейін ұстауы мүмкін. Жасы 1-ден асқанда ауру белгілері біліне бастаған. Айсезім қазір 4-тен асты. Дерті дендеп барады.
Гүлжан Кішкениева, Алматы облысының тұрғыны:
Жыл сайын, міне 4-ші жыл болды. Басқаша болып кетеді. Былтыр ауызы қисаймайтын. Көзі ғана дірілдеп қоятын. Қазір бет-аузы бәрі қисайып кетеді. Аузынан түкірігі, көбігі пайда болды.
Эпилепсия – мидың созылмалы дерті. Құрысу ұстамалары ми қызметінің бұзылғанынан қайталана береді. Кеселмен қазір елімізде 60 мыңға жуық адам күресіп жүр. Оның дені - бала. Халық арасында «қояншық» аталып кеткен сыртқаттың бұрын мүлдем емі жоқтын. Қазір медицина қауіпті дерттің алдында дәрменсіз емес. Елордадағы нейрохирургиялық орталық 10 жылдан бері операция жасап келеді. Осы аралықта жүздеген науқас кеселден құлан-таза айықты. Осындай үмітпен Айсезімге де күрделі операция басталды.
Бірақ, операция бәріне бірдей жасалмайды. Ауру асқанса көмек нәтижесіз. Ал бізде көп жағдайда науқастар өте кеш келеді. Оның үстіне елде білікті кадр тапшы. Диагноз уақытында қойылмайды. Салдарынан ем-дом да дұрыс жүргізілмей, жағдайды қиындатады.
Ал Айсезімде жаңа өмір басталды. Операциядан кейін талмасы күрт тоқтады.
Эпилепсия - дауасыз дерт емес, үкім де емес. Емделетін, емдеуге болатын ауру. Тек асқындырып алмай, уақытында қаралған жөн.