Ұлыбритания премьер-министрі Киевке барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбритания премьер-министрі Киевке барады

01.02.2022

Ресей мен Украина шиеленісі өршіп тұрған шақта Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон бүгін Киевке барып, президент Владимир Зеленскиймен келіссөздер жүргізеді.

Дегенмен корольдіктің сыртқы істер министрі Лиз Трасс коронавирус жұқтырып, бұл сапардан бас тартып отыр. Джонсонмен бірге Украина астанасына Нидерланды үкімет басшысы Марк Рютте де барып, украин армиясын қаруландыру мәселесін талқылайды.

Британ парламентінің қауымдар палатасы болса, Ресей элитасы мен компанияларына қарсы санкциялардың жаңа редакциясын ақпанның 10-да қабылдамақ.

Пентагон Еуропаға 8,5 мың жауынгер аттандыруға әзірленіп жатыр

АҚШ Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Джон Кирбидің мәлімдеуінше, Пентагон 8 жарым мың жауынгерге Шығыс Еуропаға аттануға әзір болуды бұйырған. Оның өзге бір дерегінше, қазірдің өзінде Еуропада Американың «ондаған мың» сарбазы бар.

Украина НАТО-ның төрт елі – Польшамен, Словакиямен, Венгриямен, Румыниямен шектеседі. Алайда Кирби осы елдердің қайсына Құрама Штаттар контингентінің шоғырланатынын айтпады. Дегенмен Ресей Украинаға басып кіреді деген мәліметті үнемі жоққа шығарып келеді.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу