Техникалық және кәсіптік білімге бөлінетін гранттар саны 25 мыңға артады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Техникалық және кәсіптік білімге бөлінетін гранттар саны 25 мыңға артады

31.01.2022

Колледждерге бөлінетін мемлекеттік тапсырыс көлемі артады. Осылайша биыл 120 мыңнан астам қазақстандық тегін техникалық және кәсіптік білім алмақ. Бұл туралы білім және ғылым министрлігінде айтылды. Ақниет Балтанова тарқатады.

5 сыныптан бастап тігінші-дизайнер болуды армандаған Айкен бүгінде технологиялық колледждің 3-курс студенті. Білім ордасымен келісім-шартқа отырған мына ательеге мамандығының қыр-сырын үйрену үшін жиі келеді.
Айкен Төребаева, студент:
Ең маңыздысы, біздің технологиялық колледжде теория мен практика қатар жүреді. Мен бұл мамандықты бітіргеннен кейін жұмыссыз қалудан қорықпаймын. Астананың өзінде ателье қаншама? Біздің студенттер сұранысқа ие.
Жаңа оқу жылында техникалық және кәсіптік білімге бөлінетін гранттар саны 25 мыңға артады. Осылайша 120 мың түлекке тегін білім беру жоспары енгізілді.

Ләззат Разбекова, Нұр-Сұлтан қалалық технологиялық колледж директоры:
Бүгін ғана әлеуметтік серіктеспен сөйлестім. Ол кісінің айтуынша, 300-400 мың теңге жалақыға наубайшы таба алмай отыр. Сондықтан әрине осындай техникалық мамандықтарға гранттар санының көбейгені өте дұрыс болды.
Ақниет Балтанова, тілші:
Президент бизнес өкілдерімен кездесуінде колледждерді шефтік қамқорлыққа алу тәжірибесін дамытуды ұсынды. Бұл өз кезегінде студенттердің кәсіпорындарда тәжірибеден өтіп, жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді. Әрі жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешуге сеп болмақ.
Мәселен, Айкен тәжірибеден өтіп жүрген тігін ательесі жыл сайын 2-3 колледж түлегін жұмысқа қабылдайды. Себебі көбіне ынталы жастар келеді дейді кәсіпорын басшысы.
Жанна Мағзұм, кәсіпкер:
Практикадан өтуге келген студенттердің қарым-қабілеті 1-2 күннен кейін-ақ белгілі болады. Қолынан іс келетін жастарды бірнеше ай дайындап, сосын жұмыс ұсынамыз. Мендегі мамандардың көбі осы технологиялық колледжді бітіріп келген қыздар. Бізде тек тәжірибелі маманды жұмысқа қабылдау керек деген талап жоқ.
Бүгінде елімізде 530-дан астам колледж бар. Сондықтан білім ошақтарын қолдайтын кәсіпорындар қатарын арттыру қажет. Осы мақсатта тәжірибеден өтуге келген студентке жетекшілік еткен маманға сыйақы төленеді. Ал практика кезеңі студенттің еңбек өтіліне есептеледі.
 Ернат Жүнісов, ҚР БҒМ техникалық және кәсіптік білім департаментінің директор орынбасары:
Жұмыс берушілерді колледждерде құрылған қамқорлық кеңестерінің құрамына кіргізіп, колледждерді басқаруға, оқу бағдарламаларына көмек көрсетуге тартып жатырмыз.
Жыл сайын шамамен 145 мыңға жуық студент орта білімді тәмамдайды. Олардың 70%-ы еш қиындықсыз жұмысқа орналасады екен. Десе де елімізде жұмысшы мамандар тапшы. Сондықтан білім саласындағы жаңа өзгерістер білікті кадр дайындауға, жастарды жұмыспен қамту мәселесін шешуге оң ықпалын тигізері сөзсіз.

Хабарламаларға жазылу