Өңірлерді дамыту: Кешенді жоспар мақұлданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өңірлерді дамыту: Кешенді жоспар мақұлданды

28.01.2022

Батыс Қазақстанда ірі өндіріс жобаларын іске асыру үшін шикізат тапшылығы туындап отыр. Бұл мәселе аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына да енгізіліп, шешу жолдары көрсетілді. Үкімет отырысында таныстырылған құжатта мұнайды терең өңдеу зауыты мен газ тарату станциясын салу жоспарланған. Жалпы 116 жобаны іске асыру үшін 2,6 трлн теңге қаражат қажет.

Өңірде мұнай-газ шығаратын Қарашығанақ және Чинарев кен орындары болғанымен, кәсіпкерлер шикізаттан тапшылық көріп отыр. Электр өндіру, мұнай-газ өнімдері, құрылыс зауыттары жаңа өндірістік желіні іске қоса алмай келеді. Шикізат экспорттан гөрі өңірде көбірек қалса, экономикаға, соның ішінде жұмыссыздық мәселесін шешуге тиімді болар еді.

Валерий Жүнісов, «Конденсат» компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы:

Жылына 500 млн тонна сұйытылған газ өндіретін жобамыз дайын. Бірақ газ жоқ! Жанармай шығаратын зауытымыз да мұнай тапшылығынан толық қуаттылығына көше алмай тұр.

Ғали Есқалиев, облыс әкімі:

Газдың жоқтығы кәсіпкерлер мен халықтың әділ наразылығын тудырады. Өйткені, БҚО-да Қазақстандағы тауарлық газдың 35%-ы өндіріледі. Кем дегенде 2 млрд текше метр газға инвесторлардың өтініші түсіп отыр.

Тағы бір түйіткіл – электр желісінің 80 %-ы әбден тозған. Мәселені шешу үшін 2 мың шақырым желі қайта салынбақ. Орал мен Ақсай қалаларында 50-60 пайызы ескірген су, жылу, кәріз желілері жаңартылады. Агро-өнеркәсіп те ұмыт қалмады.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Ауыл шаруашылығы саласында 2 жылыжай, 25 бордақылау алаңын, 10 сүт-тауар фермасын салу, 4 шарбақты балық өсіру шаруашылығын құру, суармалы жерлер алаңын 6,6 мың гектардан 50 мың гектарға дейін қалпына келтіру және кеңейту, Киров су қоймасын реконструкциялау көзделген.

Ал ауылдарды кешенді дамыту жобасы қолға алынады. Өңірде 416 ауыл болса, соның тек тең жартысы перспективасы бар деп танылған. Соңғы бес жылда 49 ауыл есептен шыққан. Тұрғындарға тірек ауылдарға көшу ұсынылыпты. Ауыл халқының 89%-ы ауыз су, 98 %-ы газбен қамтылған. Жол, байланыс, жұмыссыздық мәселесі өткір тұр. Өзекті мәселені шешу үшін жергілікті бюджетке бизнестен түсетін табыстың бір бөлігін бағыттау керек, дейді сарапшылар.

Сапарбай Жұбаев, экономист:

Жергілікті бюджеттерге кәсіпорындар табысының кейбір облыстарға 20%-н, кейбіріне 30%-н берсек, әсіресе, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Батыс Қазақстан облыстары дефициттік өңірден шығуы мүмкін. Өздеріне ақшасы жетуі мүмкін. Сонда 7-8 өңір донор болады да, қалған 7-8 өңірге жәрдем береміз.

Аймақтардағы қордаланған мәселелерді шешу жолдары қамтылған кешенді жоспар Үкіметте мақұлданды. Бірақ әлі бекітілген жоқ. Жоспарды іске асыру үшін тек ел қазынасынан 500 млрд теңге қаражат керек.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу