Тәжік-қырғыз шекарасындағы жағдай: 2 адам қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тәжік-қырғыз шекарасындағы жағдай: 2 адам қаза тапты

28.01.2022

Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы қақтығыстан 2 адам қаза тапты. Марқұм болғандар - тәжік азаматтары.

Тәжікстанның ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, 10 адам жараланған. Олардың арасында 6 сарбаз бар. Ал Қырғызстан тарапынан 11 адам зардап шекті. Қазір атыс тоқтап, шекарада жағдай тұрақталған. Тараптар оқ атуды тоқтатуға және шекараға тартылған қосымша әскерді алып кетуге келісті. Екі елдің құқық қорғау органдары шекара бойын бірлесе қадағалап жүр. Тәжік-қырғыз шекарасындағы жағдай бейсенбінің кешінде ушықты. Екі тарап қақтығысқа бірін-бірі айыптады. Қазір бірлескен комиссия оқиғаның мән-жайын тергеуге кірісті.

Айта кетсек, Қырғызстан мен Тәжікстан арасында шекараның айқындалмаған бөліктері үшін жанжал болып тұрады. Былтыр сәуірде тұрғындардың арасында басталған кикілжің соңы екі ел әскерилерінің қарулы қақтығысына ұласты. Атыс кезінде қос тараптан 49 адам қаза тауып, 287 тұрғын жараланған еді.

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу