Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «омикрон» коронавирустың соңы болуы мүмкін деген мәлімдемені жоққа шығарды. Ұйым басшысының сөзінше, бұлай деп айтуға әлі ерте. Ал, АҚШ, Бельгия елдерінде мыңдаған ковидке қарсы шараларды алып тастауды талап етіп шеруге шықты. Брюссельде наразылық акциясы күшпен таратылған. Ал, Қытайда олимпиадаға барған шетелдіктерден коронавирус анықталды. Тақырыпты халықаралық шолушымыз жалғастырады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «омикрон» - коронавирустың соңғы штамы деп айту қате екенін ескертті. Дегенмен ұйым басшысы Тедрос Адханом Гебрейесустың сөзінше, уақтылы тестілеу және вакциналау тәрізді құралдардың көмегімен пандемияның өткір кезеңінен шығуға болады.
Тедрос Адханом Гебрейесус, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы:Пандемияға қатысты түрлі болжамдар бар. Бірақ «омикрон» - коронавирустың соңғы нұсқасы, одан кейін басқа штамдар пайда болмайды деп тұжырымдау қате. Керісінше, ковидтің жаңа түрлерінің пайда болуы әбден мүмкін. Пандемияны болдырмау үшін оған әкеп соғатын жағдайларды өзгерткен дұрыс.
Бельгия астанасы Брюссельде коронавирусқа қатысты шектеулерге қарсы шеру соңы тәртіпсіздіктерге және полициямен қақтығысқа ұласты. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, бейбіт демонстрацияға радикалды көзқарастағы ондаған адам қосылған. Бұзақылар полицияға тас және басқа да ауыр заттарды лақтырды. Көліктер мен ғимараттарға зақым келді. Ашулы топты тарату үшін тәртіп сақшылары күш қолдануға мәжбүр болған. Олар демонстранттарға су шашып, көзден жас ағызатын газ қаруын қолданған. Бірнеше адам ұсталды. Биліктің мәліметінше, шеруге 50 мыңдай адам қатысқан.
Құрама Штаттарда да мыңдаған адам коронавирустық шектеулерге қарсы шеруге шықты. Вашингтонда наразылық акциясына қатысушылар қаланың басты көшелерімен жүріп өткен. Олар маска тағу және тағы басқа да қатаң шектеу шараларын алып тастауды талап етті. Айта кетсек. АҚШ-та коронавирус пандемиясы 860 мың адамның өмірін қиған. Сонымен бірге індет ел экономикасына айтарлықтай шығын әкелді.
Томми, шеруге қатысушы:Мен вакциналауға қарсы емеспін. Екпе алғың келсе, ол өз таңдауың. Маска тағуға да қарсы емеспін. Мен өзгелерді мәжбүрлеп, күшпен көндіруге қарсымын.
Ал Канадада пандемия басталғалы бері ауруханаларда медбикелер тапшылығы байқалады. Әсіресе, «омикрон» штамы тез таралып, жағдай ушыға түскен. Науқастардың саны артқасын, медицина қызметкерлерінің көбі күн демей, түн демей жұмыс істеуге мәжбүр. Мұндай салмақты көтере алмаған медбикелердің көбі мүлдем бұл саладан кетіп, мамандығын өзгертсе, өзгелері басқа елдерден жұмыс тапқан.
Эйми Эрхарт, жедел жәрдем бөлімінің медбикесі:Медбикелер көптеп жұмыстан кетіп жатыр. Олардың кейбірі АҚШ тәрізді жалақысы жоғар елдерден жұмыс тапты. Мұндай жағдай екі-үш жылдан бері жалғасып келеді. Медбикелер жетіспегендіктен, бізге салмақ түсті.
Қытайда Олимпиада барған шетелдіктердің 72-сінен коронавирус табылды. Қаңтардың 4-і мен 24-і аралығында олардың ПТР-тесті оң нәтиже көрсеткен. Вирус табылғандардың барлығы - спорттық командалардың өкілдері. Ал олимпиадаға қатысатын спортшылардың бірде-бірінен ковид табылған жоқ. Бейжің олимпиадасы ақпанның 4-і мен 20-сы аралығында өтеді. Осыған орай ел билігі коронавирустың таралуын тоқтату үшін ең батыл және қатаң шараларды қабылдауға дайын екенін мәлімдеді.