Қасым-Жомарт Тоқаев: Қарулы Күштердің әскери дайындығын түбегейлі арттыру қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев: Қарулы Күштердің әскери дайындығын түбегейлі арттыру қажет

23.01.2022

Тағы бір мән беретін ақпар. Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен кеңес өткізген Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев: Қаңтар оқиғасы кезінде Қарулы Күштер өзіне сенімсіз әрі қабілетсіз басшылықтың кесірінен міндетін тиісті деңгейде атқара алмады. Министр Бектанов командирлік қабілетін көрсете алмады. Командалық-штабтық және әскери жаттығулар кезінде оң нәтиже берген армияның әлеуетін сын сағатта пайдалана алмадық. Сырттан көмек шақыруға мәжбүр болдық деген.

Қорғаныс министрі болып 1966 жылы Алматы облысында дүниеге келген Руслан Фатихұлы Жақсылықов тағайындалды, оның соңғы қызметі – Ішкі істер министрінің орынбасары, Ұлттық ұланның бас қолбасшысы. Ал қайда, қандай мамандық бойынша білім алған дегенге келсек, 1987 жылы Алматыдағы сол кезде Конев атындағы жоғары командалық училищені, 1996 жылы Ресейдің Фрунзе атындағы әскери академиясын, 2004 жылы Ресей Қарулы күштері бас штабы әскери академиясының жоғары академиялық курстарын бітірген. Мамандығы – мемлекеттің әскери қауіпсіздігі. Шені – генерал-лейтенант.

Қорғаныс министрлігінің басшыларымен өткенде Президенттің берген пәрмені: Қарулы Күштердің әскери дайындығын түбегейлі арттыру қажет. Ол үшін ең алдымен сыртқы және ішкі қауіп-қатерлер туралы уақтытылы әрі нақты ақпаратпен қамтамасыз етуі тиіс әскери барлау қызметін күшейту керек. Президент Жарлығына сай құрылатын Арнаулы операциялар жөніндегі күштердің Басшылығына маңызды миссия жүктеледі. Олар қысқа мерзімде басқа күштік құрылымдармен бірлесіп, ұйымдастыру шараларын қабылдап, арнаулы операцияларды орындауы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев қару-жарақ сақтайтын нысандарда төтенше жағдайлардың қайталануына жол бермеу қажеттігін де еске салды. Қару-жарақтың сақталу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, пайдалануға жарамсыз және әрі қарай сақтауға қауіпті қаруды жою шараларын жалғастыру керегін айтты. Әскердегі қару-жарақтың дені – 30-50 жыл болған кеңес дәуіріндегі техника. Қару-жарақ паркін жаңарту үшін шұғыл шаралар қабылдау қажет. Президенттің баспасөз қызметі таратқан ақпарда осылай жазылған.


Хабарламаларға жазылу