Түркістанда жыл соңына дейін 53 көпқабатты үй тапсырылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістанда жыл соңына дейін 53 көпқабатты үй тапсырылады

21.01.2022

Түркістанда баспанаға мұқтаж тұрғындардың мәселесі біртіндеп шешімін тауып келеді. Жуырда үй кезегінде тұрған 610 отбасы пәтерлі болды. Оның 470-і – көпбалалы. Жыл соңына дейін тағы 53 көпқабатты үй ел игілігіне берілмек.

 Түркістандық тұрғындардың бірі Гүлзада Сатубекованың пәтер кезегінде тұрғанына сегіз жыл. Төрт баланың анасы жұмыссыз, күйеуі құрылысшы. Облыс орталығында жалға берілетін пәтерлер бағасы қымбаттап кеткен соң қала іргесіндегі ауылдан қатынап жүр.

Гүлзада Сатубекова, көпбалалы ана:   
Қазір мен 286-шы кезекте тұрмын. Түркістанда үй жалдау өте қымбат болғандықтан, қазір мына ауылда тұрып жатырмыз.

Қазір Түркістанда Гүлзада Сатубекова секілді 4 мыңға жуық көпбалалы ана баспана кезегінде тұр. Одан бөлек 10 мыңнан аса тұрғын үйге мұқтаж жандар тіркелген. Сондықтан баспанаға қолжетімділікті арттыру мақсатында әкімшілік-іскерлік орталығы аумағынан 60-қа тарта көпқабатты үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның алтауы биыл тапсырылады.

Нұрдәулет Қалдыбек, Түркістан қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:                                                                                                Түркістан қаласында 33 мердігер мекеме үй салуға жұмылдырылған. Қазіргі таңда 53 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. 53 тұрғын үй 3432 пәтерді құрайды. Жыл соңына дейін осы 53 үйді тапсыру жоспарлануда.

Бюджет есебінен салынып жатқан үйлердің құрылысына аса қатты мән берілген. Заман талабына сай бой көтерген баспаналардың аулалары абаттандырылып, ойын алаңдары салынып жатыр.

Жомарт Құрбанбаев,  құрылысшы: 
12 этажды алты үй салып жатырмыз. Қазіргі таңда екі үйді тапсыру барысындамыз. Қалған төрт үйімізді уже монолит жұмыстарын бітіріп қойдық. Енді фасад жұмыстары қалды.

Бұдан бөлек 763 пәтер «Отбасы банк» арқылы және 151 пәтер «7-20-25» бағдарламасы арқылы несие жүйесімен сатылымға қойылған. Шаһардың әкімшілік-іскерлік аумағында зәулім үйлермен қатар әлеуметтік, мәдени және спорттық нысандар да көптеп салынуда.

Айнұр Ақбаева

Хабарламаларға жазылу