Кремль Байденнің мәлімдемесіне жауап берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кремль Байденнің мәлімдемесіне жауап берді

20.01.2022

«Ресейге бағытталған қоқан-лоқы Еуропадағы шиеленісті бәсеңдетуге ықпал етпейді. Мұндай мәлімдемелер, керісінше, жағдайды тұрақсыздандыруы мүмкін». Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков АҚШ президенті Джо Байденнің мәлімдемесіне қатысты осындай пікір білдірді.

Айта кетсек, бұған дейін Джо Байден Украинадағы жағдай ушықса, Ресейді бұрын-соңды болмаған санкциялар күтіп тұрғанын айтқан еді. Байденнің пікірінше, Ресей билігі Украинаға қатысты нақты бір шешімге келген жоқ. Айтуынша, қазір Мәскеу алдында дипломатияны немесе текетіресті таңдау мәселесі тұр.

Джо Байден, АҚШ президенті:
Ресей Украинаға басып кірсе, біздің одақтастарымыз бен серіктестеріміз оның экономикасына айтарлықтай зиян келтіреді. Ресей банктері доллармен жұмыс істеуден қалады. Оның салдары өте ауыр болады.

Ресей Украинамен арадағы шекараға 100 мыңдай жауынгер, әскери техника шоғырландырды. Сол себепті Батыс елдері Кремль Украинаға басып кіруге дайындалып жатыр деп алаңдап отыр. Дегенмен Мәскеу шабуылды жоспарлап отырғанын үнемі жоққа шығарып келеді. Жақында Ресей, АҚШ және Еуропа елдері Украина мәселесіне қатысты үш мәрте кездесті. Алайда бұл басқосулар нәтижесіз аяқталған белгілі.

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу