Алматыда зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілері 3 ай коммуналдық төлемнен босатылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілері 3 ай коммуналдық төлемнен босатылады

20.01.2022

Алматыда азық-түлік бағасын негізсіз көтергендерге қатаң шара қолданылмақ. Ол үшін үй жанындағы дүкендерге мониторинг жасалады. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев айтты. Сондай-ақ, ол шаһарды қалпына келтіру және дамыту жоспарымен бөлісті.

Жаңа жыл басталғалы Алматыда азық-түлік бағасы айтарлықтай өскен. Әсіресе, халыққа қажетті көкөніс пен жеміс-жидек қатты қымбаттаған.

Қала әкімі көбіне үйдің жанындағы дүкендер бағаны негізсіз көтереді,-дейді. Сондықтан, олар тексерілмек. Айта кетейік, қалада 3 жарым мыңдай дүкен бар. Бағаны реттеу үшін өткен аптадан бері оларға 67 тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тікелей жеткізілген.

Бақытжан Сағынтаев, қала әкімі: 
Дүкендер қосатын үстеме 15 пайыздан аспауы тиіс. Сондықтан, талапты бұзғандар туралы құзыретті органдарға жеткіземіз. Қымбатшылық болмау үшін базарларға картоп, сәбіз және ет нарықтан 20 пайыз төмен бағамен делдалсыз жеткізіліп жатыр. Нанның бағасын - 85, күнбағыс майын - 585 теңгеден асырмау үшін меморандум жасалды.

Бақытжан Сағынтаев қаланың қазіргі ахуалына да тоқталып, зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілері 3 ай коммуналдық төлемнен босатылатынын айтты. Ол шығын жергілікті бюджеттен төленбек. Сондай-ақ, кәсіпкерлер 6 айға жалға алу ақысынан босатылады, бірақ, бұл мәселені әр орталық жеке қарайды. Одан бөлек кәсіпкерлерге 1 жылға 2 пайызбен 10 млн теңгеге дейін несие берілмек.

Бақытжан Сағынтаев, қала әкімі: 
Зардап шеккен дәрігерлер мен полицейлерге, өрт сөндірушілерге өтемақы беріледі. Ауыр жарақат алғандар - 2 миллион, орташа жараланғандар - 1 миллион, жеңіл жарақат алғандар - 500 мың теңге алады. Сондай-ақ, төтенше жағдайда жұмыс істеген құқық қорғау органдары мен медицина қызметкерлеріне материалдық көмек көрсетіледі.

Шаһар басшысы мектеп пен балабақшадағы орын тапшылығы 5 жыл ішінде шешіледі,-деді. Одан бөлек, құрылыс ережесі өзгеріп, сейсмикалық және экологиялық талап күшейгенін айтты.

Аманкелді Сейітхан, тілші: 
Мәселен енді Абай даңғылынан жоғары салынатын үйлердің биіктігі 3 метрден, Әл-Фараби, Саин даңғылы мен Жандосов көшесінен жоғары ғимараттар 12 метрден аспауы тиіс. Бірақ, бұл талап денсаулық, білім және мәдениет саласындағы әлеуметтік маңызы бар нысандарға қатысты емес.

Аманкелді Сейітхан

Хабарламаларға жазылу